Мемлекет басшысы Әзербайжан Президентімен келіссөз жүргізді — Xnews — ақпарат агенттігі

Мемлекет басшысы Әзербайжан Президентімен келіссөз жүргізді

«Ақорда» резиденциясында Әзербайжан Президентін ресми қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Екі елдің әнұрандары орындалған соң президенттер келіссөз залына барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Сізді мемлекеттік сапарыңыз аясында Қазақстанда қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды оқиға. Қазақстан мен Әзербайжан тек достас елдер емес, сондай-ақ бауырлас халықтар. Сондықтан Сіздің еліңізбен сан қырлы ынтымақтастықты өркендетуге баса мән береміз. Қазіргі кезде Әзербайжан Сіздің қуатты көшбасшылығыңызбен халықаралық аренадағы абырой-беделін елеулі түрде арттырды, өз өңірінде ықпалды мемлекет ретінде өте маңызды рөл атқарады. Біз үшін Әзербайжанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты және саяси серіктестікті нығайту – аса өзекті міндет, – деді Мемлекет басшысы.

Ильхам Әлиев:

– Бүгінде Қазақстан дамудың жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Еліңіздегі қоғамдық-саяси жағдай тұрақты, экономикалық даму қалыпты. Сіз жүргізіп жатқан реформаларды зор қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еліңізді жаңғырту мен әлеуетін арттыру жолындағы бағдарыңызды толық қолдаймыз. Екіжақты қарым-қатынастың стратегиялық, одақтастық сипат алғанын атап өттіңіз. Біз барлық бағыттағы ықпалдастықты нығайтуға ниеттіміз. Бүгінгі келіссөз, сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысы барысында ауқымды күн тәртібін тағы да пысықтап, өзара серіктестіктің алдағы қадамдарын айқындаймыз, – деді Әзербайжан Президенті.

Мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы және көлік-транзит салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін жан-жақты талқылады.

Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ықпалдастыққа назар аударды.

Тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

x

Check Also

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2026 жылғы 23 ...

Құрылтай сайлауы – білімді ұлт қалыптастыруға негіз болатын маңызды қадам

Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың басты мақсаты мемлекеттік басқару жүйесін заман талабына бейімдеу және қоғамның барлық тобының пікірін шешім қабылдау ...