Садуов Айнабай Қабылұлы – техникалық салада талай жылдық тәжірибесі бар, өз ісіне берілген, еңбекқор маман. Оның жалпы еңбек өтілі – 9 жыл.
Айнабай Қабылұлы 1970–1980 жылдары Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Карл Маркс совхозында орналасқан У.Түктібаев атындағы №24 орта мектепте білім алды. Мектеп қабырғасынан-ақ еңбексүйгіштігімен және жауапкершілігімен ерекшеленді.
1984–2000 жылдары Шымкент қорғасын зауытында жұмыс істеп, өндірістің әр саласында тәжірибе жинақтады. Осы жылдар аралығында ол слесарь, шаң жинау қондырғысының операторы, аппаратшы және гидрометаллург қызметтерін атқарып, өндіріс процесінің қауіпсіз әрі тиімді жүруіне зор үлес қосты.
Кейін 2012–2016 жылдары «3-Энергоорталық» АҚ-да 3-дәрежелі от жағушы қазандық машинисті болып еңбек етті. Өз мамандығына деген адалдығы мен ұқыптылығының арқасында әріптестері мен басшылықтың сеніміне ие болды.
2016 жылдан бастап «Қуатжылуорталық-3» МКК-нің №5 аудандық бөлімшесінде сорғы қондырғыларының 3-дәрежелі машинисті қызметін атқарып келеді. Ол өз ісінде жоғары кәсіби шеберлік танытып, жылу жүйелерінің тұрақты әрі сапалы жұмыс істеуіне айтарлықтай үлес қосып жүр.
Айнабай Қабылұлы – еңбек ұжымының сыйлы мүшесі. Жұмысқа деген жауапкершілігі, ұқыптылығы және тәжірибесі жас мамандар үшін үлгі.
Оның өмірлік ұстанымы – “Адал еңбек – абыройдың бастауы”. Осындай еңбегі еленген азаматтар – еліміздің дамуы мен халық игілігінің негізгі тірегі.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».
Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.
«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.
Ал, Мемлекет Басшысы Конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөйлеген сөзінде шаһарға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін жеткізді.
«Халқымыз Шымкентті шырайлы шаһар деп атайды. Расында, бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар. Осы жерде отырған әр азаматтың еңбегі мол. Мен баршаңызға шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін.
Менің бірер жыл бұрын Шымкент халқымен кездескенім естеріңізде болар. Сол кезде айтқан сөзімді тағы да қайталап өткім келеді: «Береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат». Шын мәнінде, осы екі құндылық елімізді алға бастайды. Мұны Шымкенттің бүгінгі келбетіне қарап айтуға да болады», — деп айтқан еді.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
