Шымкентте алғаш рет әйел адам автобус жүргізушісі атанды

Көпбалалы ана Жанар Омарова қазір олардың ішіндегі жалғыз әйел. Ол бұл мамандыққа қалай келді?

Жанар Омарованың таңы кофеден емес, медициналық тексерістен басталады. Қан қысымы, ішімдікке тест жұмыс алдында бәрі қатаң тәртіппен қаралады. Автобус жүргізушілері осыдан кейін ғана рөльге отырады.

Ол жүргізуші болуды бала кезінен армандады. 18 жасында жүргізуші куәлігін алған Жанар Омарова ең алдымен кондуктор болып істеді. Кейін троллейбусқа мінді. Ал қазір автобус тізгіндейді.

Жанар Омарова, жүргізуші:
-Таңғалады. Көбісі таңғалады. «Жарайсың» дейді. Сәттілік дейді. Жолыңыз болсын дейді. Вообщем өмірдің бар жақсылығын тілеп кетеді. Жақсы-жақсы ниеттер кіреді. Жақсы ниетпен апарып тастаймын.

«Бастапқыда жолаушылар таң қалып, суретке түсіріп алатын», — дейді Жанар. Өйткені ол Шымкенттегі автобус жүргізетін алғашқы, әзірге жалғыз әйел.

Жәнібек Тәшімбетов, жүргізуші:
-Жоқ кездеспеген, мына Шымкентте енді әйел кісі істеп жатыр. Жұмыс істеп жатқанымызға 3 жыл болды. Енді көріп тұрмыз. Оның алдында да істегенбіз ғой, мына Шымкентте әйел кісі істеп жатқанына, бірге істеп жатқанымызға жалпы өте қуаныштымыз.

Жанар жұмыстан кейін үйіне асығады. Ол 4 баланың анасы. Әріптестері оны мақтан тұтады. Ал отбасы қашанда қолдау көрсетеді.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».

Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.

«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.

Ал, Мемлекет Басшысы Конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөйлеген сөзінде шаһарға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін жеткізді.
«Халқымыз Шымкентті шырайлы шаһар деп атайды. Расында, бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар. Осы жерде отырған әр азаматтың еңбегі мол. Мен баршаңызға шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін.

Менің бірер жыл бұрын Шымкент халқымен кездескенім естеріңізде болар. Сол кезде айтқан сөзімді тағы да қайталап өткім келеді: «Береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат». Шын мәнінде, осы екі құндылық елімізді алға бастайды. Мұны Шымкенттің бүгінгі келбетіне қарап айтуға да болады», — деп айтқан еді.

Дереккөз: «Хабар» телеарнасы

x

Check Also

Шымкент: Қала басшысы поляктың «Selena group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков поляктың «Selena Group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді. Әкім Компания президенті Славомир Майхровски ...

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...