2025 жылдың 5 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Бауыржан Момышұлы атындағы Оқу орталығында «Құқық қорғау органдары қызметінде дене күшін, арнайы құралдарды және атыс қаруын қолданудың құқықтық мәселелері» тақырыбында кең ауқымды дөңгелек үстел отырысы өтті.
Дөңгелек үстелге Оқу орталығының тұрақты және ауыспалы құрамы, ҚР ІІМ Бекенбаев атындағы Ақтөбе Заң институтының өкілдері, Шымкент қалалық соты мен прокуратурасы, Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшылығы, ҚР Ұлттық ұланының №6506 әскери бөлімі, С. Рахымов атындағы әскери колледждің оқытушылары, МКҚБ қызметкерлері, сондай-ақ қаладағы жоғары оқу орындарының заң факультеттерінің студенттері мен профессорлары қатысты. Мұндай кең ауқымды құрам іс-шараның маңыздылығын айқындап берді.
Құқық қорғау органдары қызметінде дене күшін, арнайы құралдар мен атыс қаруын қолдану мәселесі – қоғам үшін аса маңызды. Бұл салада құқықтық негіздерді нақты білу, заң аясында әрекет ету – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты кепілі болып табылады. Соңғы жылдары құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығына, құқықтық сауаттылығына және қолданылатын шаралардың заңдылығына ерекше көңіл бөлінуде.
Кездесу барысында қатысушылар алдымен ҚР заңнамасында бекітілген нормаларға тоқталды. Қолданыстағы заңдарға сәйкес, полиция және өзге де құқық қорғау органдары қызметкерлері дене күшін тек төтенше жағдайда, яғни азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнген сәттерде қолдана алады.
Арнайы құралдарды пайдалану да қатаң ережелермен реттеледі. Мысалы, көз жасаурататын газ, резеңке таяқшалар немесе электрошок құрылғыларын қолдану тек заңмен анықталған нақты жағдайларда рұқсат етіледі. Ал атыс қаруын пайдалану ең соңғы шара ретінде қарастырылып, оның әрбір қолданылуы мұқият тексерілуге тиіс екені айтылды.
Шымкент қалалық сотының өкілдері қызмет барысында заңсыз күш қолданудың салдарына тоқталды. Олар мұндай әрекеттер азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзып қана қоймай, қызметкердің өзі үшін де қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғуы мүмкін екенін атап өтті.
Прокуратура өкілдері болса, азаматтардың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап беру, әрбір жағдайды жан-жақты зерттеу және кінәлілерге заң шеңберінде шара қолданудың маңызын айтты.
Ал Ұлттық ұланның №6506 әскери бөлімінің мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, төтенше жағдайларда күш қолдану тактикасы мен арнайы құралдарды қолданудың нақты мысалдарын келтірді.
Шымкент қаласының жоғары оқу орындарынан келген студенттер үшін бұл шара үлкен тәжірибе алаңы болды. Олар құқық қорғау органдарының нақты қызметтік жағдайларындағы шешім қабылдау процесімен танысты. Заң факультетінің студенттері өз сұрақтарын қойып, мамандардан кәсіби кеңестер алды.
Бұл тәжірибе олардың болашақ кәсіби жолында құқықтық мәдениет пен жауапкершіліктің маңызын терең түсінуге көмектесті.
Дөңгелек үстел барысында нақты оқиғалар мысалға алынды. Мәселен, қоғамдық тәртіпті бұзған кезде полиция қызметкерінің дене күшін пайдалану шектері, жаппай тәртіпсіздік кезінде арнайы құралдарды қолдану тәртібі, қарулы қылмыскерді ұстау кезінде атыс қаруын пайдалану жағдайлары талқыланды.
Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде заңға бағыну мен құқық бұзушылықтың аражігін нақты ажырата білу қажет екеніне тоқталған.
— Қоғамда заң мен тәртіп қатаң сақталуы керек. Сонда ғана еліміз өсіп-өркендейді. Бұл — мызғымас қағида. Қылмыскерлермен күрес ымырасыз жүргізілуге тиіс. Бірде бір құқық бұзушылықты елеусіз қалдыруға болмайды. Мұнда ұсақ-түйек деген жоқ. Полиция қызметкері заңға бағынатын адамға құрметпен қарауы керек. Ал тәртіп бұзушылармен заң аясында сөйлесу қажет. Адамды азаптауға, қинауға, тергеудің тыйым салынған тәсілдерін қолдануға мүлдем жол берілмейді. Әрбір тәртіп сақшысы мұны жете түсінуге тиіс. Күнделікті жұмыста осы талаптар сақталса, азаматтардың полицияға деген сенімі артады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл мысалдар арқылы әрбір қатысушы заңды әрекет пен заңсыздықтың ара-жігін айқын ажыратудың маңызын ұғынды.
Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – тәжірибе алмасу мен құқықтық сауаттылықты арттыру. Мұндай кездесулер арқылы түрлі саладағы мамандар ортақ мәселелерді талқылап, шешу жолдарын бірлесе қарастырады. Бұл, өз кезегінде, құқық қорғау органдарының беделін арттыруға, азаматтардың сенімін нығайтуға септігін тигізеді.
Іс-шара соңында қатысушылар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруда осындай дөңгелек үстелдердің маңызы зор деген ортақ пікірге келді. Сонымен қатар, заңнаманы жетілдіру, қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын жүйелі түрде көтеру және қоғаммен тығыз байланыс орнату – негізгі басым бағыттар ретінде белгіленді.
Оқу орталығының басшылығы алдағы уақытта да осындай ғылыми-тәжірибелік іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп отыратынын жеткізді. Бұл бастама құқық қорғау органдары қызметінде заңдылық пен әділдікті қамтамасыз етуге, жас мамандарды даярлауға және қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға елеулі үлес қосары сөзсіз.
Дереккөз: international.kz
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
