Қауіпсіз ел: Шымкентте есірткі жеткізу арнасы жойылды

Елімізде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықтың денсаулығын қорғау және «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында есірткіге қарсы күрес бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде күшейтілуде. Соның айғағы ретінде 2025 жылдың 6 қыркүйегінде Шымкент қаласында есірткіні жеткізуге арналған ірі арна жойылды. Бұл қадам қаламыздағы құқық қорғау органдарының есірткі қылмысына қарсы жүргізіп отырған жүйелі жұмысының нақты нәтижесі болып отыр.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап елімізде «Құқықтық тәртіп» және «Қарасора-2025» республикалық жедел-профилактикалық іс-шаралары қолға алынған болатын. Аталған іс-шаралардың басты мақсаты — есірткі бизнесінің жолын кесу, заңсыз айналымдағы психотроптық заттарды анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тарту және жастарды қауіпті әдеттен қорғау.

Осы ауқымды операцияның аясында Шымкент қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жедел іздестіру шараларын жүргізіп, қалаға жеткізілуі тиіс ірі көлемдегі синтетикалық есірткіні қолға түсірді.

Жедел ақпараттың негізінде жүргізілген арнайы іс-шара кезінде Алматы қаласының тұрғыны ұсталды. Ол басқарып келе жатқан автокөлікті тексеру барысында полицейлер салмағы 2 келіден асатын синтетикалық есірткілерді анықтап, тәркіледі. Бұл заңсыз заттың қара нарықтағы бағасы бірнеше миллион теңгені құрайтын көрінеді.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, мұндай көлемдегі психотроптық заттың айналымға түсуі ондаған, тіпті жүздеген жасөспірімнің тағдырын улауы мүмкін еді. Сондықтан оның дер кезінде қолға түсуі қоғам үшін маңызды қадам болды.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының тұрғыны да ұсталды. Ол синтетикалық есірткілерді байланыссыз тәсілмен, яғни «қалта» әдісі арқылы сатумен айналысқан. Бұл әдіс қылмыскерлер арасында кеңінен таралған, себебі сатып алушы мен сатушы бір-бірімен бетпе-бет кездеспей, белгіленген орындарға «жасырылған» заттар арқылы жеткізеді.

Тексеру барысында оның тұрғылықты мекенжайынан 200 грамнан асатын психотроптық зат табылып, тәркіленді. Бұл да аз мөлшер емес, өйткені синтетикалық есірткілердің әсері аз дозада да аса қауіпті болып келеді.

Аталған екі дерек бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары басталды. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, олардың басқа да заңсыз әрекеттерге қатысы бар-жоғы жан-жақты тексерілуде. Тергеу барысында есірткінің жеткізу арналары, оған қатысы бар тұлғалар мен байланыс жүйелері анықталатын болады.

Құқық қорғаушылар мұндай қылмыстардың жазасыз қалмайтынын ескертеді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, есірткінің заңсыз айналымына қатысқандарға ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Синтетикалық есірткілер – қазіргі қоғамдағы ең өзекті қауіптердің бірі. Олар жылдам таралады, бағасы салыстырмалы түрде қолжетімді, ал салдары өте ауыр. Ең сорақысы — бұл заттар көбіне жастар арасында кең таралуда.

Дәрігерлердің айтуынша, синтетикалық есірткіні бір рет қолданудың өзі адам ағзасына орны толмас зиян келтіруі мүмкін. Ол жүйке жүйесін зақымдап, психологиялық тәуелділікке әкеледі, ал ұзақ қолданған жағдайда өлімге душар ету қаупі жоғары.

Шымкент қаласы Полиция департаменті тұрғындарды есірткі қылмысына қарсы күресте белсенді болуға шақырады. Әрбір азамат күдікті әрекеттерді байқаса, полицияға хабар беруі қажет. Бұл — қоғамды қорғаудың және жастарды аман сақтаудың басты жолдарының бірі.

Сонымен қатар, ата-аналарға ерекше жауапкершілік жүктеледі. Балаларының бос уақытын тиімді өткізуін қадағалау, достарымен арақатынасын бақылау және интернет желісіндегі белсенділігін назардан тыс қалдырмау — есірткіге жоламаудың маңызды кепілі.

Шымкентте есірткі жеткізу арнасының жолын кесу – құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының нәтижесі. Бұл тек қана қылмыскерлерді ұстау емес, сонымен бірге қоғамды үлкен қауіптен қорғау.

Есірткіге қарсы күрес — тек полицияның ғана емес, барша халықтың ортақ міндеті. Әрбір азамат заңға бағынуды және салауатты өмір салтын таңдауды ұстанса, қоғамымызда «Заң мен тәртіп» қағидасы шын мәнінде орнайды.

Дереккөз: international.kz

x

Check Also

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...

Шымкентте мұғалімдер жасанды интеллект құралдарын меңгерді

AMANAT партиясының бастамасымен елімізде білім беру саласын цифрландыру және педагогтердің жасанды интеллект құралдарын меңгеруін күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. ...