Мұнайшы мамандығы — еліміздің энергетикалық саласының негізі, экономикамыздың қозғаушы күштерінің бірі. Бұл кәсіп иелері өз еңбектерімен елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, болашақта да мемлекеттің өркендеуіне үлес қосады. Мұнайшылар тек қазба байлықтарын жер астынан шығарып қана қоймай, олардың тиімді және қауіпсіз пайдаланылуын да қамтамасыз етеді.
Мұнай өнеркәсібі — технологиялық дамудың, үздіксіз білім мен тәжірибе жинақтаудың нәтижесінде ғана жоғары деңгейге жетеді. Мұнайшы болу үшін тек техникалық білім қажет емес, сонымен қатар шешім қабылдау қабілеті, командада жұмыс істеу, және жоғары жауапкершілік керек.
Қазіргі таңда мұнайшының кәсібі әртүрлі инновациялармен, жаңа технологиялармен толықтырылып, экологиялық мәселелерге де үлкен көңіл бөлініп жатыр. Мұнай өндіру — тек өндіріс емес, табиғатты сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қызметкерлердің денсаулығы мен өмірін қорғау деген сөз.
Мұнайшы мамандығы — тек жұмыс емес, елімізге қызмет ету, жаңа мүмкіндіктерді ашу, болашақ ұрпақтың әл-ауқаты үшін еңбек ету. Бұл мамандықтың абыройы мен маңызды рөлі ешқашан төмендемейді, ол әрдайым қазақстандықтардың мақтанышы болып қала береді.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».
Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.
«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.