Түркістан қаласында «TURKISTAN WORLD CRAFT FEST-2025» халықаралық қолөнершілер көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам қолөнер шебері бас қосқан бұл айтулы шара түркі дүниесінің мәдениеті мен өнерін ұлықтап, жаһандық деңгейде насихаттауға бағытталды.
Фестиваль бағдарламасы аясында сән көрсетілімі мен мерекелік кеш ұйымдастырылып, көрермендер назарына этно-стильдегі бірегей туындылар ұсынылды. «FASHION» этно сән үлгілері бойынша өткен көрсетілімде отандық және шетелдік танымал дизайнерлердің жаңа коллекциялары көрсетіліді.
Сән кешіне Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің Вице-президенті Айдархан Калиев қатысып, қазақстандық дизайнерлердің қолтаңбасы мен шығармашылық ізденістерін жоғары бағалады. Вице-президен Түркістан өңірінде этно стильге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және халықаралық деңгейде сұраныстың зор екенін атап өтті.
Сән көрсетілімінен соң, кеш қонақтарына Түркістандық өнерпаздардың концерті мен қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Айгүл Қосанова, Айдар Тұрғанбек пен Мирас Жүгінісовтің ән шашуы тарту етілді. Көрермендер ұлттық өнер мен заманауи стильдің тоғысқан ерекше кешіне куә болды.
Шараға 70-тен астам шетелдік қонақтар, түрлі ұйым өкілдері мен қолөнер саласының майталмандары қатысты. Халықаралық деңгейдегі жиын түркі мәдениетінің бай мұрасын дәріптеп қана қоймай, жаңа серіктестікке жол ашты.
Айта кетейік, 2025 жылдың 24 наурызында Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің шешімімен Түркістан қаласына ресми түрде «Халықаралық қолөнершілер қаласы» атағы берілген болатын. Бүгінде өңірімізде 130-дан астам қолөнерші табысты еңбек етіп, ұлттық өнерді әлемге танытып келеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
