Бүгін аудан орталығында ұлттық өнер мен мәдениетті дәріптейтін «Ауылым – Арыс жағасында» атты кезекті мәдени-рухани, танымдық іс-шара өтті. Шараға өнер сүйер қауым мен аудан азаматтары қатысты. Бүгінгі сайыста Жеңіс және Бөген ауыл округтері бақ сынасты.
Фестиваль бағдарлама бойынша «Этно ауыл» демалыс аймағында ауылдар ұсынған ауқымды көрмемен басталды.
Аудан әкімі Азат Оралбаев пен қонақтар Этно ауылдағы көрмені көріп, ой-пікірлерін білдіріп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан әрі шара «Шәмші» аллеясындағы консерттік бағдарламамен жалғасты.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз құттықтау сөзі айтып, мерекелік кештің шымылдығы түрілді.
Кеш Шәмші Қалдаяқовтың «Шынарым» әнімен басталып, сайыста Бөген және Жеңіс ауыл округінің көркемөнерпаздары өнерлерін ортаға салды.
Арнау өнері, әжелер ансамблі, эстрада жанры, би өнері, домбырашылар тобы, әдеби туынды мен ауылдың алты ауызы сынды ұлттық және мәдени құндылықтарды дәріптеген кеш көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, өнер мен мәдениеттің мерекесіне айналды.
Өнер додасына қазылық еткен белгілі азаматтар көркемөнерпаздардың өнерін бағалап, үздік шыққан Бөген ауыл округін келесі кезеңге жолдады.
Айта кетсек, бүгінгі шара аудандағы он округтің жұп-жұппен өткізген финалға дейінгі сайыстарының соңғы легі. Қорытындысында финалда Қажымұқан, Бадам, Шұбарсу, Қарақұм және Бөген ауыл округтері бақ сынайтындары белгілі болды.
ара соңында ұйымдастырушылар барша қатысушыларға алғыстарын білдіріп, алдағы өтетін финалдық гала-концерт пен марапаттау кешіне шақырды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
