Адал еңбек – абыройдың бастауы — Xnews — ақпарат агенттігі

Адал еңбек – абыройдың бастауы

Ел ішінде қарапайым көрінгенімен, абырой биігінен көрініп жүрген азаматтар бар. Солардың бірі — Ашықбаев Бағдат Серікұлы. Еңбегімен еленіп, тіршіліктің тынысын жанымен сезініп, адал маңдай терімен елге үлгі болып жүрген жан.

Бағдат Серікұлы 1987 жылдың алтын күзінде, 28 қазанда дүниеге келген. Тумысынан еңбекке етене жақын азамат бүгінде 16 жылдық тәжірибесімен мақтана алады. Соңғы жарты жыл ішінде ол Абай қаласының коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жерлеу орындарын күтіп ұстау бөлімінің жұмысшы шебері болып еңбек етуде. Бұл қызметтің мәнін біреу білсе, біреу біле бермес. Алайда ол үшін бұл — жай ғана жұмыс емес, бұл – азаматтық борыш, адами жауапкершілік.

Бағдат ағаның қолынан келмейтін іс кемде-кем. Ол – сөзге де, іске де мығым. Қай тапсырма болмасын, тыңғылықты орындайды. Оның жұмысына деген жанашырлығы, өз кәсібіне деген құрметі — нағыз еңбек адамының болмысы. Әр күні халыққа қызмет етуге арналса, әр ісі — кәсібилік пен жауапкершілікке толы.

Жұмысшы шебері – жай ғана лауазым емес. Бұл – сенімнің, тиянақтылықтың көрінісі. Бағдат Серікұлына берілген кез келген тапсырма өз уақытында, сапалы әрі ұқыпты атқарылады. Кез келген жұмысты сеніп тапсыруға болатын азамат, нағыз ісінің шебері. Ондай жандарды халық «абыройлы еңбек иесі» дейді.

Бағдат Серікұлы – еңбекті қадір тұтқан ұрпақтың өкілі. Жастарға үлгі, ұжымына тірек, туған өлкесіне адал қызмет етіп жүрген азамат. Оның әр күні — адалдықтың, еңбекқорлықтың айғағы.

Қарапайым еңбекпен-ақ үлкен өнеге көрсетіп жүрген осындай азаматтар – қоғамның негізін қалаушылар. Олар туралы жазу – құрмет, оларды дәріптеу – парыз. Еңбегімен елді ұйытып жүрген Бағдат ағамыздай тұлғалар көп болғай!

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».

Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.

«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.

Ал, Мемлекет Басшысы Конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөйлеген сөзінде шаһарға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін жеткізді.
«Халқымыз Шымкентті шырайлы шаһар деп атайды. Расында, бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар. Осы жерде отырған әр азаматтың еңбегі мол. Мен баршаңызға шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін.

Менің бірер жыл бұрын Шымкент халқымен кездескенім естеріңізде болар. Сол кезде айтқан сөзімді тағы да қайталап өткім келеді: «Береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат». Шын мәнінде, осы екі құндылық елімізді алға бастайды. Мұны Шымкенттің бүгінгі келбетіне қарап айтуға да болады», — деп айтқан еді.

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Яндекс.Погода
x

Check Also

Зияткер ұрпақ – ұлт болашағының негізі

Қазіргі жаһандану дәуірінде елдің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен оның адами капиталына, яғни білімді, зерделі әрі зияткер ұрпағына байланысты. Осы тұрғыда ...

Ғылым – ел дамуының стратегиялық тірегі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында өткен салтанатты жиында отандық ғылым өкілдерін марапаттап, ғылымның қоғам мен мемлекет дамуындағы ...