Ел ішінде қарапайым көрінгенімен, абырой биігінен көрініп жүрген азаматтар бар. Солардың бірі — Ашықбаев Бағдат Серікұлы. Еңбегімен еленіп, тіршіліктің тынысын жанымен сезініп, адал маңдай терімен елге үлгі болып жүрген жан.
Бағдат Серікұлы 1987 жылдың алтын күзінде, 28 қазанда дүниеге келген. Тумысынан еңбекке етене жақын азамат бүгінде 16 жылдық тәжірибесімен мақтана алады. Соңғы жарты жыл ішінде ол Абай қаласының коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жерлеу орындарын күтіп ұстау бөлімінің жұмысшы шебері болып еңбек етуде. Бұл қызметтің мәнін біреу білсе, біреу біле бермес. Алайда ол үшін бұл — жай ғана жұмыс емес, бұл – азаматтық борыш, адами жауапкершілік.
Бағдат ағаның қолынан келмейтін іс кемде-кем. Ол – сөзге де, іске де мығым. Қай тапсырма болмасын, тыңғылықты орындайды. Оның жұмысына деген жанашырлығы, өз кәсібіне деген құрметі — нағыз еңбек адамының болмысы. Әр күні халыққа қызмет етуге арналса, әр ісі — кәсібилік пен жауапкершілікке толы.
Жұмысшы шебері – жай ғана лауазым емес. Бұл – сенімнің, тиянақтылықтың көрінісі. Бағдат Серікұлына берілген кез келген тапсырма өз уақытында, сапалы әрі ұқыпты атқарылады. Кез келген жұмысты сеніп тапсыруға болатын азамат, нағыз ісінің шебері. Ондай жандарды халық «абыройлы еңбек иесі» дейді.
Бағдат Серікұлы – еңбекті қадір тұтқан ұрпақтың өкілі. Жастарға үлгі, ұжымына тірек, туған өлкесіне адал қызмет етіп жүрген азамат. Оның әр күні — адалдықтың, еңбекқорлықтың айғағы.
Қарапайым еңбекпен-ақ үлкен өнеге көрсетіп жүрген осындай азаматтар – қоғамның негізін қалаушылар. Олар туралы жазу – құрмет, оларды дәріптеу – парыз. Еңбегімен елді ұйытып жүрген Бағдат ағамыздай тұлғалар көп болғай!
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».
Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.
«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
