Түркістанда алғаш рет “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалы ашылды

Бүгін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамының жаңа филиалы – Түркістан облысы бойынша кәсіби даму институтының ресми ашылу рәсімі өтті.

Жаңа мекеменің ашылу салтанатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Бекболатұлы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетұлы сөз сөйлеп, лентасын қиды.

Жиынға Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов пен Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов, облыстық және Шымкент қаласының білім басқармасы өкілдері, университет ректорлары, сондай-ақ білім саласының басқа да мамандары жиналды.

– Бүгінгі Түркістан өңірінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының жаңа филиалының ашылуы – білім беру жүйесі үшін маңызды қадам. Бұл орталық – мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жаңа деңгейге көтеріп, озық тәжірибелерді таратуға, педагогтердің үздіксіз дамуына ықпал ететін маңызды алаң болады. Тәуелсіз еліміздің болашағы – сапалы білімде, ал сапалы білім – білікті ұстаздың еңбегінде. Сондықтан мұндай орталықтардың ашылуы өңірдегі білім сапасын арттыруға, жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізуге және педагог кадрлардың әлеуетін нығайтуға айрықша үлес қосады деп сенемін. Жаңа институт ұжымына сәттілік тілеймін. Еңбектеріңіз еліміздің білім саласының дамуына қызмет ете берсін! – деді Бейсенбай Тәжібаев.

Бұл – 85 мыңнан астам педагогы бар өңір үшін тарихи маңызы бар оқиға. Жаңа институт – республикадағы «Өрлеудің» ең ірі филиалдарының бірі. Мұнда 70-тен астам кәсіби маман еңбек етеді. Жыл соңына дейін институт базасында 11 мыңнан астам педагогты оқыту жоспарланған. Осылайша, біліктілікті арттыру курстарынан өтетін педагогтардың 16 пайызы Түркістан облысына тиесілі болмақ.

Жаңа филиалда алғаш рет мұғалімдерге психологиялық қолдау көрсету кабинеті мен информатика пәні мұғалімдеріне арналған робототехника кабинеті ашылды. Институттың ашылу рәсімінде «Педагогтың үздіксіз кәсіби дамуы: жаңа міндеттер және шешімдер» атты Тамыз конференциясы өтті.

«Өрлеудің 16 филиалы мен 3 өңірлік өкілдігі бар. Орталықта 700-ден астам жоғары білікті маман еңбек етеді. «Өрлеу» базасында жыл сайын 100 мың мұғалім біліктілігін арттырады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

x

Check Also

Важные вопросы обсуждали на гражданском форуме в Туркестане

В Туркестане прошел ХІІ региональный гражданский форум «Социальная ответственность и общественная активность: движущая сила гражданского общества». Сначала состоялась презентация книги ...

Түркістандағы азаматтық форумда маңызды мәселелер талқыланды

Түркістанда «Әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық белсенділік: Азаматтық қоғамның қозғаушы күші» атты ХII өңірлік азаматтық форумы өтті. Ең алдымен «Түркістан облысының ...