Шымкентте тыйым салынған сайттарды жарнамалаған жазбаларды таратушы ұсталды

Шымкент қаласы прокуратурасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Құқықтық тәртіп және тазалық» жобасы аясында қалалық коммуналдық қызметтер – «Тазалық сақшылары» құқық бұзушылықпен күресте белсенді көмек көрсетіп келеді,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Олардың қырағылығының нәтижесінде қала көшелерінде есірткі заттарын сататын интернет-дүкендердің жарнамаларын жазып жүрген 28 жастағы Шымкент тұрғыны ұсталды.

Тергеу барысында анықталғандай, ер адам қаржылық қиындықтарға байланысты Telegram мессенджері арқылы күмәнді «қосымша табыс» ұсынысына келісіп, белгісіз тапсырыс берушіден нұсқаулар алып, түнгі уақытта трафарет пен аэрозольді бояу арқылы тыйым салынған сілтемелерді жазған.

Сот үкімімен ол ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1-бабының 2-бөлігі бойынша есірткі құралдарын заңсыз жарнамалау қылмысы үшін 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды.

Қалалық прокуратура тұрғындарды күдік тудыратын граффити, жарнама немесе басқа да құқық бұзушылықтарды байқаса, дереу 102 нөміріне хабарлауға шақырады.

Есірткі жарнамасы – бұл жай жазба емес, ауыр қылмыс. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!

Еске салсақ, Мемлекет Басшының сөзінше, «Заң және тәртіп» қағидатын жаппай дәріптеуіміз керек. Қазақ халқы қай заманда да заңға бас иген, дала заңын сақтаған халық. Бұл – біздің қанымызға сіңген қасиет.

«Түрік қағанаты, Алтын Орда мен Қазақ хандығы мықты мемлекеттік құрылымы, бірегей құқықтық жүйесі бар қуатты ел болғаны бәрімізге аян. Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын Ұлы даланың конституциясы деуге болады. Атадан балаға жалғасқан бұл заңдар мемлекеттілік дәстүрін нығайта отырып, қоғамдық дамуға ерекше ықпал еткен. Ұлы далада еркіндік пен әділдік, ар-намыс пен адамгершілік, тілеулестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұрған», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондықтан «Заң және тәртіп» қағидаты ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келеді. Біз ата-бабамыздың бірегей құқықтық мұраларын мұқият зерделеп, жан-жақты насихаттауымыз керек. Бұл – халқымыздың құқықтық сана-сезімін арттыратын маңызды фактордың бірі деді президент.

x

Check Also

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...

Шымкентте мұғалімдер жасанды интеллект құралдарын меңгерді

AMANAT партиясының бастамасымен елімізде білім беру саласын цифрландыру және педагогтердің жасанды интеллект құралдарын меңгеруін күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. ...