Шымкентте түлектерге әкімдік гранттары ұсынылады

Шымкент қаласының жастары үшін жағымды жаңалық — 2025–2026 оқу жылына арналған әкімдік гранттары қайта ұсынылып отыр. Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 285 грант орны бөлінген. Бұл бастама республикалық гранттар конкурсында жеңіске жете алмаған талапкерлерге жоғары оқу орнына түсуге екінші мүмкіндік береді,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қалалық әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Абайұлы Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында баяндады.

Бөлінген гранттар саны білім беру салалары бойынша былайша бөлінеді:
• Педагогикалық ғылымдар (6B01) – 20 орын
• Өнер және гуманитарлық ғылымдар (6В02) – 33 орын
• Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат (6B03) – 6 орын
• Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (6B06) – 40 орын
• Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары (6В07) – 105 орын
• Ауыл шаруашылығы және биоресурстар (6B08) – 68 орын
• Денсаулық сақтау (6B10) – 1 орын
• Қызмет көрсету (6В11) – 12 орын

Жоғары оқу орындары арасында 7–8 тамыз күндері конкурс өткізіледі. Оның нәтижесінде грант бөлінетін оқу орындары, білім беру бағдарламалары мен нақты грант орындарының саны бекітіледі. Комиссия шешімінен кейін талапкерлер тиісті құжаттарын қабылдау комиссиясына тапсырып, әкімдік гранттары байқауына қатыса алады. Жеңімпаздарға қалалық білім басқармасы арнайы грант иегері куәлігін тапсырады. Осы құжат негізінде ЖОО басшысы студентті оқуға қабылдау туралы бұйрық шығарады.

Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету жайы да назарда. 2025–2026 оқу жылына қаладағы білім беру мекемелерінен 554 286 дана оқулыққа сұраныс жинақталып, осы мақсатта 2 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Қазіргі таңда 11 баспамен келісімшарттар жасалып, оқулықтарды жеткізу жұмыстары жүріп жатыр. Жеткізу процесін ағымдағы жылдың 25 тамызына дейін аяқтау жоспарланған.

Айта кетейік, әкімдік гранты иегерлерінің тізімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

x

Check Also

Түркістан: Білім нысандарының жөндеу жұмыстары — қала әкімінің бақылауында

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы шаһар аумағында күрделі жөндеуден өтіп жатқан бірқатар білім беру мекемелерін аралап, құрылыс-монтаж жұмыстарының барысымен танысты. Сапалы ...

Жол сапасына жауапкершілікпен қарайтын маман

Елімізде жол құрылыс саласында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегі ерекше құрметке лайық. Солардың бірі – Баятанов Елдос, тәжірибелі жол ...