Шымкентте спорттық атудан XVI Азия чемпионаты басталды

Шымкент қаласында спорттық атудан XVI Азия чемпионаты басталды. Бұл – еліміз үшін ғана емес, бүкіл құрлық спортшылары үшін маңызды оқиға. Қала тарихында алғаш рет өткізіліп отырған байрақты дода Қазақстан спортындағы жаңа белесті айқындайды.

Ауқымды шараның ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ҚР Бас прокуроры, Қазақстан спорттық ату федерациясының президенті Берік Асыловпен бірге қатысты. Сондай-ақ мерекелі жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин келді.

Салтанатты рәсімде қала басшысы спортшылар мен жаттықтырушыларды құттықтап, чемпионатты жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан федерациялар мен азаматтарға алғыс айтты. Әкім өз сөзінде: «Шымкент қаласы осындай халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізетін әлеуетке ие. Бұл чемпионат – жас спортшыларға шабыт беріп, еліміздің спорттық беделін арттыра түседі», – деді.

Жарыстың мәртебесін айқындай түскен қонақтардың қатарында Халықаралық спорттық ату федерациясының президенті Лучано Росси, Азия ату конфедерациясының басшысы шейх Салман Сабах әл-Салем ас-Сабах және әлемдік спорт ұйымдарының өкілдері болды. Олардың қатысуы – Шымкенттегі турнирдің халықаралық спорт қоғамдастығындағы маңызын айқындады.

Чемпионат 16–30 тамыз аралығында «Shymkent Shooting Plaza» спорттық базасында өтеді. Мұнда 27 елден келген 800-ге жуық спортшы бақ сынайды. Олар «тапанша», «мылтық», «қозғалмалы нысана», «стендтік ату», «трап», «скит» және «скит-микс» бойынша өзара мықтыны анықтайды. Турнир барысында 700-ден астам медаль сарапқа салынып, нысана көздеу мен стенд ату сияқты екі олимпиадалық спорт түрі қамтылмақ.

Жарыстың негізгі мақсаты – атқыштар спортын кеңінен насихаттап, спортшылардың кәсіби деңгейін шыңдау, халықаралық рейтингте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу. Сонымен қатар жаттықтырушылар мен төрешілердің тәжірибесін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Шымкент тұрғындары мен қонақтары үшін чемпионат тек спорттық дода ғана емес, қаладағы спорт мәдениетін дамытуға серпін беретін үлкен мереке болмақ.

x

Check Also

Шымкент: Қала басшысы поляктың «Selena group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков поляктың «Selena Group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді. Әкім Компания президенті Славомир Майхровски ...

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...