Шымкентте «Абай әлемі» республикалық байқауының финалы өтті

Шымкент қаласында ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының әдеби-рухани мұрасын дәріптеуге арналған «Абай әлемі» республикалық байқауының қорытынды кеші өтті.

Байқаудың алғашқы кезеңі 1 маусым мен 15 шілде аралығында өтті. Биыл 18-35 жас аралығындағы 117 үміткер қатысып, оның 26-сы финалға жолдама алды. Қатысушылар еліміздің барлық өңірінен жиналды. Атап айтқанда, үміткерлер Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан қатысты. Олар Абай шығармаларынан үзінді оқып, ақын жырларын жүрекпен сезініп, көрерменге әсерлі жеткізді.

Салтанатты кеште финалистер Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін мәнерлеп оқып, шығармашылығына арналған зерттеулерін ұсынды. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Абай мұрасының жас ұрпаққа рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңірудегі маңызын атап өтті.

Бас жүлдені 6506 әскери бөлімінің қызметкері Мәлік Бекжан Әбдімәлікұлы (Шымкент қаласы) жеңіп алып, 1 миллион теңге көлемінде сыйақыға ие болды. Батыс Қазақстан облысынан келген Азат Мыңбаев Қайратұлы бірінші орынды иеленіп, 700 мың теңгелік жүлдені алды.

ІІ орын (500 000 теңге):
Лес Назерке (Астана қаласы)
Жолдасбек Ақберен (Түркістан облысы)
ІІІ орын (300 000 теңге):
Ромашев Жұлдызбек (Түркістан облысы)
Дәулет Дархан (Шымкент қаласы)
Шаншар Иса (Шымкент қаласы)

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады», – деп дара перзенттің даналық орнын айқындап көрсеткен еді.
Расында ұлы ақын өз шығармаларында насихаттаған еңбексүйгіштік, білімге деген құштарлық, ізгілік пен парасатқа зейін қойып, тәрбие алу – бүгінгі күні алға қойған міндеттердің бірі. Хакім Абай айтқан ізгі құндылықтар өміршеңдігін жоймақ емес.«Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» деген сөзімен өзіне ескерткіш қалап, ұрпағына өшпес өнеге, өлмес білімді асыл мұра етіп қалдырған ұлы Абай әлемі – шексіз әлем.

Біз Хакім Абайға, ұлт мәдениетіне құрмет көрсетуді жалғастыра береміз.

«Абай әлемі» байқауы үшінші жыл қатарынан өтіп, жас дарындарды анықтау мен Абай шығармашылығын насихаттаудың маңызды алаңына айналды.

x

Check Also

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...

Шымкентте мұғалімдер жасанды интеллект құралдарын меңгерді

AMANAT партиясының бастамасымен елімізде білім беру саласын цифрландыру және педагогтердің жасанды интеллект құралдарын меңгеруін күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. ...