Шымкент: Қаржылық тәртіпті бақылау жүйелі жүргізілуде

Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысының орынбасары Сүлейменов Нұржан Тілеуқабылұлы мен Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің жоспарлау, талдау, есептілік және сапаны бақылау бөлімінің басшысы Барлыбаев Әлиасқар Әлібекұлы төмендегідей мәлімдеме жасады.

Шымкент қаласында бюджет қаржысының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына бағытталған бақылау жұмыстары жалғасуда. 2025 жылдың басынан бері Ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Онлайн бюджеттік мониторинг» жүйесі арқылы төрт әлеуметтік сала — білім, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау бойынша жалақы төлеуге бағытталған қаражатты қатаң қадағалауға алды.

Ағымдағы кезеңде жалпы сомасы 353,2 млн теңгеге күмәнді төлемдер қамтылып, олардың ең үлкен үлесі білім беру мекемелеріне тиесілі болды – 240,5 млн теңге немесе 68%. Қалған бөлігі:
• Спорт мекемелері – 52,9 млн теңге (15%);
• Мәдениет ұйымдары – 30,5 млн теңге (9%);
• Денсаулық сақтау саласы – 29,1 млн теңге (8%).

Төлемдерді бақылау нәтижесінде 411 жағдай тіркеліп, оның ішінде 163 хабарлама тиісті мекемелерге жолданды. Бұл бойынша да білім саласы көш бастап тұр – 254 жағдайдың 130-ында ескерту жасалған. Спорт саласы бойынша 13, мәдениет пен денсаулық сақтау бойынша әрқайсысында 10 хабарлама жіберілген.

Анықталған тәуекелдердің 93,6 млн теңгесі негізсіз төлемдер ретінде расталды, бұл барлық күмәнді төлемдердің 27%-ын құрайды. Қабылданған шаралар нәтижесінде осы соманың 67,8 млн теңгесі бюджетке қайтарылып, өтеу деңгейі 72,5% болды.

Сонымен қатар, қалған қаражатты өтеу бойынша 4 білім беру мекемесіне қатысты сот процестері жүріп жатыр.

Бұл шаралар Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті тарапынан әлеуметтік салаларда бюджет қаражатын заңсыз пайдалану тәуекелін төмендету және қаржылық тәртіпті күшейту мақсатында қолға алынған жүйелі бақылаудың бір бөлігі болып табылады.

Толығырақ: https://www.youtube.com/live/HDDXx8y4O8o?si=yDNP7XaigSnlLgnU

x

Check Also

Шымкентте 2 мыңға жуық жұмыс орны ұсынылған еңбек жәрмеңкесі өтті

Шымкентте еңбек нарығындағы белсенділік артып келеді. Бүгін қаладағы Көрме орталығында «Еңбек – өмірдің тұтқасы» атты кең ауқымды бос жұмыс орындары ...

Шымкент: Қала басшысы поляктың «Selena group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков поляктың «Selena Group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді. Әкім Компания президенті Славомир Майхровски ...