Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласының Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі – Жүзжасаров Асқар Тұрдалыұлы төмендегідей мәлімдеме жасады
Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында жасөспірімдердің жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар атқарылуда. Полиция департаментінің бастамасымен қаладағы барлық мектептер, мектепке дейінгі ұйымдар мен балабақша алдындағы жолдар зерделеніп, жол қозғалысының қауіпсіздігі тексерілді.
162 мемлекеттік мектептің алдындағы жаяу жүргінші өткелдеріндегі жолақтар мен жол таңбаларының жағдайы қаралып, тиісті жол белгілері мен техникалық құралдардың түгелдігіне ерекше назар аударылды. Биылғы жылы қолданысқа берілген жаңа мектептердің маңындағы жол инфрақұрылымы да бақылаудан өтті. Әсіресе жаяу жүргінші өткелдерінің алдында орнатылуы тиіс негізгі жол белгілері бойынша (5.16.1, 5.16.2 – жаяу жүргіншілер өткелі, 1.21 – балалар, 3.24 – жылдамдықты шектеу, 1.16.1 – жасанды бұдырлық) Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына нақты нұсқамалар берілді.
Қазіргі таңда бұл нұсқамалардың негізінде мектептердің алдындағы жаяу жүргінші жолақтары толықтай жаңартылып, жол белгілерін жауып қалған ағаш бұталарын кесу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Жайлы ортаны дамыту басқармасы тарапынан күнделікті жүзеге асырылып келеді.
Жаңа оқу жылында қаладағы мектептер маңында полиция бақылауы күшейтіледі
2025–2026 оқу жылы басталғаннан бастап Шымкент қаласының барлық мектептері маңында оқушылардың жолдан өту қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс атқаратын болады.
Полиция департаменті басшылығының арнайы нұсқауына сәйкес, қызметкерлер оқушылардың таңертең және сабақ аяқталған кезде мектепке келуі мен үйлеріне аман-есен жетуіне барынша жағдай жасайды. Жолдан өту кезінде балаларға бақылау жүргізіп, жүргізушілердің жол ережелерін сақтауы қатаң қадағаланады.
Бұл шаралар балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және мектепке барар жолдағы қауіпсіздікті барынша қамтамасыз етуге бағытталған.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/qDluCoBqAyk?si=fJNHqBsWGOPZ5iD8
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
