Өткен аптада қалалық тергеу органдары 97 қылмыстық істі тіркеді, оның 5-і сотқа жолданды. Ең жиі кездесетін қылмыстар қатарында алаяқтық, ұрлық, есірткінің заңсыз айналымы және жол-көлік оқиғалары бар,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Алаяқтық істерінің басым бөлігі – интернет алаяқтық. Олардың негізгі түрлері:
• Тауарларды жарнамалап, сатып алушыларды алдау;
• Қаржы инвестициясы арқылы ақша көбейту уәделері;
• Банк қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер ретінде жалған қоңыраулар;
• Несие рәсімдеу.
Мысалы, «Н» есімді азаматша мемлекеттен пәтер алып беремін деп танысына 4 миллион теңгеден астам қаржыны алаяқтықпен иемденген. Қазір іс тергелуде.
Қала тұрғындары мен қонақтарына мемлекет тарапынан пәтер алғысы келсе, тек ресми мекемелерге жүгінуге кеңес береміз.
Есірткі проблемасы да күннен күнге ушығып отыр. Интернет-дүкендердің кең таралуы жастарды есірткіге әуестендіріп, заңсыз саудаға итермелеп отыр. Мемлекет жастарға білім, спорт және кәсіппен айналысуға мүмкіндік беріп, жұмысқа орналасуға жағдай жасап жатыр.
Ұсталғандардың көпшілігі 18-30 жас аралығында, ал ересек жұмыссыз азаматтар да бар. Сондықтан жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырамыз.
Жол-көлік оқиғалары да көбейіп келеді. Жүргізушілердің жылдамдықты арттыруы, телефонға назар аудармауы, жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзуы, кәмелетке толмағандардың скутер мен самокаттарды заңсыз басқаруы және мас күйінде көлік жүргізу – апаттардың негізгі себептері.
Қала тұрғындарына жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауды, ата-аналарға балаларын қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауды ескертеміз.
Сонымен қатар, қалта ұрлықтарының саны артты. Мысалы, 31 шілдеде қалалық бассейнде белгісіз адам азаматтардың қалтасынан ұялы телефондарды ұрлап кеткен. Базарлар мен қоғамдық көліктерде, мерекелік іс-шараларда абай болуды сұраймыз. Бағалы заттарды көпшілік жерлерде ашық ұстау қауіпті.