2025 жыл – елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы болып белгіленді. Бұл бастама өндірістік саладағы білікті кадрлардың беделін арттырып, жастарды сұранысқа ие техникалық мамандықтарға бағыттауды көздейді. Солардың қатарында құрылыс краншысы мамандығы ерекше орын алады.
Құрылыс краншысы – күрделі құрылыс жұмыстарының тиімді және қауіпсіз жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін кәсіби маман. Ол ауыр құрылыс материалдарын, жабдықтарды қажетті биіктікке көтеріп, дәлдікпен орналастыру арқылы құрылыс барысын жылдам әрі сапалы жүргізуге ықпал етеді.
Бұл мамандық иесінен жоғары жауапкершілік, техникалық білім, шоғырлану қабілеті және қауіпсіздік ережелерін бұлжытпай сақтау талап етіледі. Сонымен қатар, заманауи құрылыс техникасымен жұмыс істей алу, автоматтандырылған басқару жүйелерін меңгеру де краншының кәсіби шеберлігін арттырады.
Елімізде құрылыс қарқынды дамып келеді. Осы салаға қажетті кәсіби мамандарды даярлау – экономиканың тұрақты дамуының маңызды факторы. Сондықтан краншы мамандығын меңгеру – болашағы зор, тұрақты табыс пен кәсіби өсуге жол ашатын таңдаудың бірі.
Жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру – бұл ел дамуына қосылған нақты үлес.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».
Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.
«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
