Президент: Ұлы Абайдың аманатына адал болайық

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай өтетін салтанатты іс-шараға қатысушыларға арналған құттықтауы.

Қадірлі қауым!

Сіздерді Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуымен құттықтаймын!

Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын.

Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті.

Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында.

Бұл өңір – Абаймен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлттың ұлы перзенттерін дүниеге әкелген киелі өлке. Мемлекет осы аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде өркендетуге баса мән береді.

Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары анық.

Ұлы Абайдың аманатына адал болайық!

Aqorda

x

Check Also

Бейбітшілік пен бірлік – ұлт мен мемлекет тұрақтылығының мызғымас негізі

Бейбітшілік пен бірлік – кез келген мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуы мен өркендеуінің басты шарты. Бұл құндылықтар болмаса, экономикалық, әлеуметтік немесе ...

Түркістан қаласының көркіне көрік қосқан муралдардың суреттері

Бұл туындылар — тек үй қабырғаларына салынған сурет емес, халқымыздың болмысы мен тарихын, рухы мен табиғатын жеткізетін көркем тіл. Мұнда ...