2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Бұл жыл – ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген еңбек адамдарының, әсіресе қолымен жасап, болашақты сомдайтын шеберлердің беделін арттыратын ерекше кезең.
Дәнекерлеуші – нағыз темірмен тілдескен маман. Оның жұмысы – көзге көрінбейтін, бірақ әрбір ғимараттың, көпірдің, зауыттың, кеменің, тіпті ғарыш кемесінің іргетасында жатқан қажырлы еңбек. Қолына дәнекерлеу аппаратын алған әр маман – металл мен оттың тілін жетік меңгерген шебер. Ол – қауіпсіздікті, сапаны, дәлдікті басты орынға қоятын кәсіби маман.
Дәнекерлеушінің әрбір шуы – болашаққа қадамы. Ол жасаған әрбір жігі – мықтылықтың, тұрақтылықтың белгісі. Бұл мамандық тек физикалық күш емес, жоғары технологияны игеру мен инженерлік ойлауды да талап етеді.
Жас ұрпақ үшін дәнекерлеуші болу – заман талабына сай, сұранысқа ие, табысты әрі абыройлы жолдардың бірі. Еліміздің өндірісі дамыған сайын бұл мамандықтың маңызы арта түсуде.
2025 – еңбек пен шеберліктің жылы. Дәнекерлеушілер – сол жылдың айшықты кейіпкерлерінің бірі. Еңбектеріңіз елене берсін!
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».
Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.
«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.
Ал, Мемлекет Басшысы Конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөйлеген сөзінде шаһарға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін жеткізді.
«Халқымыз Шымкентті шырайлы шаһар деп атайды. Расында, бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар. Осы жерде отырған әр азаматтың еңбегі мол. Мен баршаңызға шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін.
Менің бірер жыл бұрын Шымкент халқымен кездескенім естеріңізде болар. Сол кезде айтқан сөзімді тағы да қайталап өткім келеді: «Береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат». Шын мәнінде, осы екі құндылық елімізді алға бастайды. Мұны Шымкенттің бүгінгі келбетіне қарап айтуға да болады», — деп айтқан еді.
Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасы
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
