Бұл заман-білімдінің заманы, жаңа нанотехнологияның заманы. Бағыдай «алма піс, аузыма түс» дейтін жаймашуақтың ауылы келмеске кетті. Әлем-алмағайып дүниенің алдында тұр. Заман қөшінен қалсаң ит мініп, ирек қамшылап қаласың. Дүние жүзі қауіп-қатер мен түрлі қиындықтардың алдында тұрғанда жайбірақат отыруға болмайды. Мұны Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтып жүр.
– Баршаңызға белгілі, жаһандық сауда соғысының өршуі салдарынан дүние жүзінде күрделі ахуал қалыптасып келеді. Егер мұндай текетірес орын алса, оның зардабын барлық ел тартады. Оған еш күмән жоқ. Бұл ретте біз Президент Трамптың аталған қақтығысқа қатысы бар елдердің ұстанымдарын нақтылап, мүмкіндігінше келіссөз бастау үшін 90 күн мораторий жариялау туралы байыпты шешімін құптаймыз. Сарапшылар елдердің бір-біріне қарсы тарифтер енгізуі әлем экономикасының құлдырауына түрткі болып, халықаралық сауда-саттықтың бүкіл ережесін тас-талқан етуі, тіпті, оның соңы қарулы қақтығыстарға дейін ұласуы мүмкін деп ескертеді. Апта басында барлық негізгі индекстердің мәні төмендеп, мұнай бағамы барреліне 60 доллардан аспады. Алайда Америка билігі тарифтерді кейінге қалдыру туралы шешімін жариялаған соң, биржадағы бағалар өсті. Қазір жағдай біршама тұрақталғаны байқалғанымен, әлемдік қор нарығы мен шикізат биржалары бұрын-соңды болмаған мазасыз күйге түсіп тұр. Әлемнің қатаң тарифтік қақтығыстар саясатына көшкені анық. Әңгіме кезекті рецессия жайында ғана емес, жаһандық экономиканың іргесін шайқап, халықаралық қатынастар жүйесіне ауыр зардабын тигізетін дағдарысқа бет алғанымызда болып отыр. Біз қазіргі ахуалды мұқият сараптап, барлық қауіп-қатерді ескеріп жатырмыз. Ешбір қиындыққа қарамастан, Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымайды, стратегиялық бағдарымыз да өзгермейді. Біз инфрақұрылым, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және басқа да бағыттар бойынша ірі жобаларымызды жүзеге асыра береміз. Жұмыс тоқтамайды. Сондай-ақ, әрине, мемлекетіміз әлеуметтік міндеттемелерін орындайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жаһандық ахуалға мейлінше бейімделіп жұмыс істеу, яғни, әр қадамды мұқият ойластырып, салмақты шешімдер қабылдау арқылы Қазақстан экономикасын түрлі сын-қатерден сақтап қалу маңызды екеніне тоқталды.
– Сондықтан Үкімет кез келген мәселені алдын ала қарастырып, тиімді және батыл әрекет етуге тиіс. Еліміздің мүмкіндіктері мол, әлеуеті орасан зор. Қаңтар-наурыз айлары бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 5,8 пайыз болды. Бұл – қазіргі күрделі жағдайда өте жақсы көрсеткіш деп күмәнсіз айтуға болады. Ұлттық экономикамыз негізінен көлік саласы, құрылыс саласы, өнеркәсіп және сауда-саттық есебінен дамып жатқанын атап өткім келеді. Бұл – өте маңызды жетістік. Сонымен қатар әлемдік дағдарыс күшейіп кеткен жағдайда еліміз Ұлттық қор резерві мен алтын валюта қорының мүмкіндіктерін қолдана алады. Осындай күрделі уақытта біздің кәсіпкерлеріміз де ерекше белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Себебі оларды ешқандай қиындыққа қарамай еңбек ете алатын нақты істің адамдары деп есептеймін. Бізге қазір құр сөздің еш қажеті жоқ. Біз бәріміз бір ел болып тек табанды және тиімді жұмыс істеуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Осындай жағдайда бүгінгі күннің үрдісі цифрландыру бағытында аймағымызда қандай жұмыстар жүріп жатыр?! Осы бағытқа шағын сараптама жүргізіп көрдік.
Шымкент қаласында мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мақсатында цифрландыру үдерісі қарқынды жүзеге асырылып жатыр. «Мемлекеттік органның ұйымдастырушылық дамуы» бағытында «Ақпараттық технологияларды қолдану» көрсеткіші 2022 жылы 46%-ды құраса, былтыр бұл көрсеткіш 85%-ға дейін жетіп отыр. Бұл – әкімдіктің жүйелі жұмыстарының нәтижесі.
Сонымен қатар, «Ақпараттандыру туралы» заң аясында бекітілген «Ақылды қалалар» эталондық стандарты бойынша көрсеткіш те едәуір өскен. 2022 жылы – 55% болса, былтыр 76%-ға жетті. Бұл – қалада Smart city қағидаттары тиімді түрде жүзеге асып жатқандығын көрсетеді.
Қаланың білім беру мекемелерінде Alaqan биометриялық жүйесі пилоттық режимде енгізіліп, өзінің тиімділігін көрсетті. №65 мектеп-гимназиясында 6 ай ішінде оқушылардың 99%-ы жүйеге тіркеліп, мектепке кіру, шығу және тамақтану процесі автоматтандырылды. Бұл бастама 1-4 сынып оқушыларының 92%-ын тегін ыстық тамақпен қамтуға мүмкіндік берді. Әлеуметтік осал санаттағы 261 оқушыға арнайы ас мәзірі ұсынылып, бұл ретте бюджеттен 2,3 млн теңге үнемделген. Бұл – цифрлық бақылаудың нақты экономикалық және әлеуметтік пайдасы бар екенін дәлелдейді.
Қаланың экологиясына оң әсер ету мақсатында қоқыс алаңдарын цифрландыру жобасы да жүзеге асырылды. Желтоқсан көшесіндегі №88 мекенжайда орналасқан қоқыс алаңшасында бейнебақылау жүйесі мен QR-код арқылы тікелей өтініш беру мүмкіндігі енгізілді. Жарты жыл ішінде жүйе 52 мәрте алаңшаның толуын, 164 заңсыз автокөлік тұрақтауын және 1 өрт фактісін тіркеді. Сонымен қатар, Желтоқсан, Мангельдина және Измир көшелеріне QR-код тақтайшалары орнатылып, 109 байланыс орталығына тұрғындардан 21 өтініш келіп түскен. Бұл – тұрғындардың белсенді қатысуына мүмкіндік беретін ашық әрі тиімді тәсілге айналып отыр.
Кадрлық құжат айналымын автоматтандыру мақсатында №2 қалалық емханада «HR-process» атты бұлтты жүйе пилоттық негізде енгізілді. 7 айлық сынақ мерзімі нәтижесінде 403 қызметкер жүйеге тіркеліп, 47 қызметкердің жұмысқа келмеу жағдайлар болған. Жүйе арқылы уақытты есепке алу, кешігулерді бақылау, жұмыс кестесін конфигурациялау және қызметкерлердің іс-әрекетін бақылау жүзеге асуда. Сонымен қатар, QR-код арқылы қолжетімділік қамтамасыз етіліп, адам факторының әсерін барынша азайтуға мүмкіндік берілді. Бұл – ашықтық пен тиімділіктің нақты көрсеткіші.
«Цифрлық комплаенс ассистент» – жемқорлықпен күрестегі жаңа қадамға айналды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және бақылау мақсатында «Қуатжылуорталық-3» МКК-да «Цифрлық комплаенс ассистент» жүйесі енгізілді. Бұл платформа басшылар мен қызметкерлердің антикоррупциялық нормаларды сақтауын бақылауға бағытталған. Сатып алулар, келісімшарттар, төлемдер мен дебиторлық қарыздарға қатысты тәуекелдер сараланып, 63 тәуекел анықталды. 21 қызметкер мен контрагентпен сұхбат жүргізіліп, 84 нақты ұсыныс әзірленді, соның ішінде 27 ұсыныс іс жүзінде жүзеге асырылуда. Бұл жүйе – парасаттылық мәдениетін қалыптастыруда маңызды құрал болып отыр.
Сондай-ақ Шымкент қаласында жоғары жылдамдықты мобильді интернетке қолжетімділік те артып келеді. Kcell АҚ-мен бірлесе отырып, 5G технологиясын қолданатын 78 базалық станса іске қосылып, 321 нүкте қамтылды. Сонымен қатар, коммерциялық нысан иелерімен келісу арқылы тағы 30 нүктеге 5G базалық станса орнатылып, тұрақты жұмыс жасап отыр.
Ал Kar-Tel ЖШС тарапынан 15 антенналық мұнараның 9-на базалық стансалар қойылған. Биыл қала маңындағы шалғай орналасқан елді мекендерді талшықты-оптикалық интернетпен қамту көзделіп отыр. Қазір 23 елді мекеннің тізімі жасақталып, оның ішіндегі 4 елді мекен (195 орам, Елтай, Сайрам, Қатынкөпір) кең жолақты интернетке қосылды. Бүгінде қаладағы 63 шағын аудан мен тұрғын алаптардың тұрғындары кең жолақты интернет желісіне қосылуға нақты мүмкіндік алып отыр.
Қазақстандағы мықты мегаполистердің қатарынан ойып өз орнын алған Шымкентте цифрландыру бағытында осындай іргелі жұмыстар жүріп жатыр. Бұл қуантады.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
