Еңбек жолы – үлгі боларлық: тәжірибе мен табандылық

Теміржол – тәртіп пен тұрақтылықты талап ететін сала. Осы бағытта ұзақ жылдар бойы үздіксіз еңбек етіп келе жатқан білікті маман – Мейірбеков Еркін. Ол кәсіби жолын адалдықпен атқарып, өз ісіне деген жоғары жауапкершілігімен дараланады.

Атап айтқанда, ол «Тасымалдаудың Шымкент бөлімшесі», «Жолдың Шымкент бөлімшесі», «Локомотив» АҚ және қазіргі «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ сынды теміржол мекемелерінің әр кезеңдегі құрылымдарында 2007 жылдың 19 наурызынан бастап 2025 жылдың 13 маусымына дейін қызмет атқарып, 16 жылдан астам тәжірибе жинады.

Көпжылдық тәжірибесі мен терең кәсіби біліміне сай, 2025 жылдың 14 маусымынан бастап «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС филиалы – «ЖТ Шымкент бөлімшесінің» Қазығұрт станциясында сұрыптау төбешігінің кезекшісі қызметіне ауысты. Қазіргі таңда да осы жауапты лауазымда еңбек етіп келеді. Мейірбеков Еркін кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отырады. Ол 2022 жылдың қараша айында және 2025 жылдың маусым айында «Қазақстан Республикасының кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету» тақырыбында арнайы курстардан өтіп, еңбек қауіпсіздігі талаптарын терең меңгерген.

Оның ұзақ жылғы еңбегі мен салаға қосқан үлесі елеусіз қалмады. 2025 жылдың 30 сәуірінде Мейірбеков Еркін «Теміржол саласының 20 жыл ынтасы» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапат оның кәсіби шеберлігіне, теміржолдағы табанды қызметіне және еңбекте көрсеткен жоғары ынтасына берілген лайықты баға болды. Мейірбеков Еркін – өз ісіне адал, тәртіп пен талапқа сай еңбек етіп келе жатқан үлгілі маман. Оның еңбек жолы – жас мамандарға үлгі боларлық тәжірибе мектебі.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».

Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.

«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.

Ал, Мемлекет Басшысы Конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөйлеген сөзінде шаһарға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін жеткізді.
«Халқымыз Шымкентті шырайлы шаһар деп атайды. Расында, бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар. Осы жерде отырған әр азаматтың еңбегі мол. Мен баршаңызға шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін.

Менің бірер жыл бұрын Шымкент халқымен кездескенім естеріңізде болар. Сол кезде айтқан сөзімді тағы да қайталап өткім келеді: «Береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат». Шын мәнінде, осы екі құндылық елімізді алға бастайды. Мұны Шымкенттің бүгінгі келбетіне қарап айтуға да болады», — деп айтқан еді.

Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасы

x

Check Also

Шымкент: Қала басшысы поляктың «Selena group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков поляктың «Selena Group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді. Әкім Компания президенті Славомир Майхровски ...

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...