Еңбегімен елге үлгі болған теміржолшы

Көп жылдық тәжірибені, еңбекке адалдықты және кәсіби шеберлікті ұштастыра білген сала мамандары еліміздің инфрақұрылымдық дамуына зор үлес қосып келеді. Солардың бірі – Желдібаев Нұрлыбек темір жол саласында табанды еңбек етіп келе жатқан білікті маман.

1981 жылдың 30 наурызында дүниеге келген. Өзінің еңбек жолын Шанақ станциясында жол шебері лауазымынан бастаған. Алғашқы қызметінен-ақ жауапкершілігімен, тәртіпке деген ұқыптылығымен және кәсібіне шынайы берілгендігімен көзге түскен.

Кейіннен Шанақ станциясы бойынша кезекші қызметін абыроймен атқарып, темір жол қозғалысының үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. Қазіргі таңда ол Сарыағаш станциясы бойынша кезекші қызметінде еңбек етуде.

Нұрлыбек мырза – темір жол саласында 23 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Ұзақ жылдар бойы жинаған білімі мен тәжірибесін күнделікті жұмысында тиімді пайдаланып, темір жол қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға өз үлесін қосуда.

Ол – өзінің кәсіби міндеттеріне адал, тәртіп пен еңбек мәдениетін жоғары бағалайтын қызметкер. Мұндай мамандардың еңбегі – ел экономикасының күре тамыры саналатын темір жол саласының ілгерілеуіне берік негіз болады.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».

Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.

«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.

Ал, Мемлекет Басшысы Конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөйлеген сөзінде шаһарға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін жеткізді.
«Халқымыз Шымкентті шырайлы шаһар деп атайды. Расында, бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар. Осы жерде отырған әр азаматтың еңбегі мол. Мен баршаңызға шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін.

Менің бірер жыл бұрын Шымкент халқымен кездескенім естеріңізде болар. Сол кезде айтқан сөзімді тағы да қайталап өткім келеді: «Береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат». Шын мәнінде, осы екі құндылық елімізді алға бастайды. Мұны Шымкенттің бүгінгі келбетіне қарап айтуға да болады», — деп айтқан еді.

Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасы

x

Check Also

Тағы да бір кезекті ота, тағы да бір өмір

Дәрігерде үш қару бар. Олар: сөз, өсімдік, пышақ. © Ибн Сина (Авиценна). Жұмысшы мамандықтар жылы: дәрігер – өмір сақшысы. 2025 ...

Аграрлық сектордың жаңа бағыты: Қаржыландыру, цифрландыру, инвестиция және экспорт

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында агроөнеркәсіп кешенін кешенді жаңғыртудың жаңа кезеңін таныстырып, саланы қаржыландыру, цифрландыру, инвестиция тарту ...