Қазақстанда егін жинау науқаны басталып, қазіргі уақытта еліміздің 12 өңірінде астық жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның тиімділігінің негізгі шарты – диқандарды егін жинаудың жоғары қарқыны мен өнім сапасын сақтауға мүмкіндік беретін қажетті ресурстармен және техникамен уақтылы қамтамасыз ету, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қолайлы жағдайлар жасау тәуекелдерді азайтуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Жедел деректер бойынша, бүгінгі таңда 1,1 млн гектар жерде астық жиналып, 1,6 млн тонна астық бастырылды. Сонымен қатар 17,4 мың тонна майлы дақылдар, 363,5 мың тонна картоп, 1,3 млн тонна көкөніс және 1,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды.
Ел бойынша жаппай егін жинау науқаны тамыздың үшінші онкүндігінде басталады.
Ресурстармен және техникамен қамтамасыз ету: дайындық жоғары деңгейде
Бүкіл ел бойынша егін жинау науқанына 139 мың трактор, 31 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың шапқыш және 130 мың басқа техника тартылатын болады. Бүгінгі таңда жалпы дайындық 93%-ды құрайды.
Өңірлерге егін жинау жұмыстарын жүргізуге литрі 254 теңгеден жеңілдетілген бағамен 402 мың тонна дизель отыны бөлінді, бұл нарықтық құннан 18-20%-ға арзан (ЖМҚС-ларда бағасы литріне 310-315 теңге құрайды).
Жиын-терім маусымында ауыл шаруышылығы өндірушілерін қолдаудың қаржылық құралдары
2025 жылы көктемгі дала және жиын-терім жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Фермерлерге бұл қаражат субсидиялаудың арнайы тетігінің арқасында жылдық 5%-дық төмендетілген мөлшерлеме бойынша түседі.
Қаржыландыру алты арна арқылы жүзеге асырылады. Олар – «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ арқылы тікелей несиелеу, екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары, өңірлік инвестициялық орталықтар, кредиттік серіктестіктер және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК).
Мемлекет басшысының 2024 жылғы 15 қарашадағы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында берген тапсырмасына сәйкес, былтыр алғаш рет 2025 жылғы көктемгі дала және жиын-терім жұмыстарын ерте қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды. Еліміздің барлық өңірлерінде өтінімдерді қабылдау 29 қарашадан басталды.
Бүгінгі таңда жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы бойынша 500 млрд теңгеге жуық сомаға 7 543 өтінім берілді, оның ішінде 490,1 млрд теңгеге 7 485 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қаржыландырылды, бұл 7,8 млн га егіс алқаптарын қамтиды.
Оған қосымша «Даму» КДҚ» АҚ-ның қарыздарға кепілдік беру бағдарламасы жұмыс істейді. Ол кепілдік базасы жеткіліксіз фермерлер үшін кредит сомасының 85%-на дейін жабады. Осы бағдарлама шеңберінде 226,1 млрд теңге сомасына 1 304 кепілдік берілді, ал берілген қарыздардың жалпы көлемі 192,2 млрд теңгені құрады.
Жалпы алғанда 2025 жылы жеңілдетілген қаржыландыру тетігі арқылы кемінде 8 млн га егістік алқапты қамту жоспарланып отыр.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
