Қазақстанда әлеуметтік көмек көрсету тетігі жаңартылып, цифрлық технологиялар негізінде әділетті әрі тиімді жүйе енгізілуде. Бұл өзгерістер халықты қолдау шараларын біріздендіруге және нақты мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған.
Бұған дейін әлеуметтік көмек республикалық және жергілікті деңгейлерде әртүрлі көлемде көрсетіліп келген. Өңірлер арасындағы айырмашылықтар көмектің әділетті бөлінуіне кедергі болды. Жаңа жүйе осы олқылықтардың орнын толтыруды көздейді.
Енді көмек отбасының нақты жағдайына байланысты тағайындалады. Ол үшін скоринг жүйесі енгізілді. Бұл жүйе отбасының табысын, мүлкін, көлік құралдарының болуын және өмір сүру жағдайларын автоматты түрде бағалайды. Сонымен қатар, материалдық емес факторлар, яғни отбасының әлеуеті мен өзін-өзі дамыту қабілеті де ескеріледі. Осы деректер негізінде отбасылар алты санатқа бөлінеді.
Бірінші деңгейден бесінші деңгейге дейінгі отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Ал алтыншы деңгейге жататын, жоғары табысы бар отбасылар жергілікті бюджеттен көмек алмайды. Мысалы, егер отбасында бірнеше пәтер мен екі көлік бар болса немесе әр адамға шаққандағы айлық табыс 185 мың теңгеден асса, мұндай отбасы көмекке мұқтаж емес деп есептеледі.
Жүйенің басты артықшылығы – азаматтардан өтініш қабылданбайды. Жаңа цифрлық тәсіл отбасылардың жағдайын өзі бағалап, егер қолдау қажет болса, азаматқа SMS-хабарлама жібереді. Көмекті алу үшін азамат тарапынан тек SMS арқылы келісім беру жеткілікті.
Қазіргі уақытта бұл жүйе Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында пилоттық режимде іске асырылып жатыр. Жоба оң нәтиже көрсетсе, республика көлемінде енгізіледі.
Бұл реформа цифрландыру арқылы әлеуметтік қолдаудың әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
