Қазіргі уақытта елімізде жоғары білімге ие болуда негізгі жол – ол ҰБТ-дан өту. Дегенмен, бұл орайда көпшілік жастың, ата-аналардың ескеретін жағдайлары бар. ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Р.Емелбаев мамандықты дұрыс таңдау бағыттарын түсіндіріп, еңбек нарығындағы сұранысқа ие өзекті кәсіптермен таныстырды. Бірқатар жағдайларға ерекше тоқталып өтті.
– Шымкент қаласында кәсіби бағдар беруге ерекше көңіл бөлінуі жастардың болашағына ерекше назар аударуды білдіреді. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында кәсіби бағдар беру бойынша бірнеше рет атап өткен еді. Әсіресе, жоғары сынып оқушыларының болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдау қажет екенін айтты. Себебі, өкінішке қарай бізде кейбір талапкерлер мамандық таңдағанда мамандыққа емес, грантқа басымдық береді. Одан бөлек, бізде қоғамда мынадай дұрыс емес пікір қалыптасқан. Түлектер санының көбеюіне қарай мемлекеттік грант саны көбейеді деген сөздер айтылып жатады. Негізінде, ол дұрыс емес пікір. Мемлекеттік грант – мемлекеттің еңбек нарығында қанша маман қажет болатынын есептеп берілетін мемлекеттік тапсырыс. Ол түлектердің көбеюіне қарай емес, еңбек нарығындағы сол мамандықтың қажеттілігіне қарай бөлінеді.
Еліміздегі сарапшылардың көбісі біздің талапкерлердің негізгі мақсаты мамандық емес, бірінші кезекте грантқа түсу екенін айтады. Бұның қыры мен сыры неде? Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мамандары осыдан екі жыл бұрын еліміз бойынша сауалнама жүргізген. Оның нәтижесі бойынша, Қазақстандағы талапкерлердің, 11 сынып оқушыларының таңдайтын мамандықтарының 90 пайызы не ата-ананың ықпалымен, не ата-ана тарапынан таңдалады екен. Бұл жағдай көп нәрсені аңғартса керек.
Біз негізінен, мамандық таңдауды, ҰБТ-ға дайындалуды 11 сыныпқа келгенде таңдай бастаймыз. Бұл кезде ата-ананың баласының алдына қоятын ең басты талабы – грантқа түсу. Баланың санасында бір ғана шешім тұрады. Ол 4 жыл ата-анамды қинамай, тегін оқуға түсуім керек дейді. Жалпы, қоғамда мынадай дұрыс пікір қалыптасу керек. Бірінші мамандықты дұрыс таңдап, сол мамандық бойынша грантқа түсуге тырысу керек. Басты мақсат осы болса, баланың болашағы жарқын болмақ, – дейді Р.Емелбаев.
Тағы бір назар аударатын жағдай, Қазақстанда тегін оқуға түсудің ең оңай жолы ең қиын екі бейінді пәндерден тұрады. Математика және физика. Онда мамандықтардың саны өте көп. Гранттардың 60 пайызы техникалық, инженерлік мамандықтарға бөлінеді. Ол жерде 30 мамандық бар. «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан». Яғни, мемлекет қай жерге тетік беріп жатыр, талапкерлер сол жерге барып қалануды ойласа екен.
Жиында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта нақты шешімдерге негіз болмақ. Кәсіби бағдар беру форумына оннан аса жоо-дан ректорлар шақырылды. Шымкенттің биылғы түлектері, 9-10 сынып оқушылары, колледж шәкірттері, жалпы 2100 бала қамтылды. Мұның бәрі де жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл оқушылардың болашақтағы кәсібін дұрыс таңдауға деген қадам болмақ.
Жалпы, бір мектептің табысты жұмыс істеуінің көрсеткіші ЖОО-ға қанша шәкіртіңді түсірумен байланысты екен. Ал бір университеттің табысты жұмыс істеуінің көрсеткіші – қанша адамды жұмысқа орналастыруында. Біздің қоғамда осы екеуі сабақтаса жұмыс істеуі керек. Бұл ретте, кәсіби бағдар берушілерге жүктелер міндет те ауыр.
Т.ҚАСЫМОВ
«Shymkent Kelbeti» газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
