«Әбілхайыр» ЖШС балық өңдеу зауытының негізін қалаушы Руслан Мұрзалиев өз өмірін Қазақстандағы балық шаруашылығын дамытуға арнады.
Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Үлкен ауылында дүниеге келген ол бала кезінен балық шаруашылығына қызығушылық танытты. 1998 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, еңбек жолын «Үлкен балық» ЖШС компаниясында бастап, қатардағы қызметкерден жетекші лауазымға дейін көтерілді. Еңбекқорлық, табандылық және өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілік оның кәсіби өсуінің негізіне айналды.
2004 жылы арман жолымен қадам басып, Руслан Қожақұлы өз кәсіпорны – «Әбілхайыр» ЖШС-ін құрды. Бүгінде бұл зауыт өңірдегі балық өнімдерін өндіруші жетекші кәсіпорындардың бірі саналады. Оның басшылығымен зауыт жылына 3 500 тоннаға дейін балық өнімін шығарады.
Кәсіпорын еуронөмірге ие, бұл өнімді ресми түрде шетелге экспорттауға мүмкіндік береді. Бүгінде «Әбілхайыр» маркасымен шығарылатын өнім Ресейге, Қырғызстанға және Еуропалық одақ елдеріне жеткізіліп, Қазақстанның экспорттық әлеуетін нығайтуда.
Зауытта 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Руслан Мұрзалиев – сапалы өнім өндіріп қана қоймай, тұтас саланың дамуына қомақты үлес қосып жүрген жан. Оның өмір жолы – арманды табанды еңбекпен және қажырлылықпен ұштастыра білген адамның тек отбасы үшін ғана емес, қоғам үшін де зор пайда әкеле алатынының жарқын мысалы.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».
Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.
«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.
Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
