Шымкентте балаларды 1-сыныпқа қабылдау науқаны жоспарлы түрде жүргізілуде

2025-2026 оқу жылына арналған 1-сыныпқа қабылдау науқаны Шымкент қаласында белгіленген тәртіпке сай қарқынды жүргізілуде. Бұл процесс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығына сәйкес, ағымдағы жылдың 1 сәуірі мен 31 тамызы аралығында жүзеге асырылады. Құжаттарды қабылдау – алты жасқа толған немесе күнтізбелік жылы алты жасқа толатын балалардың ата-аналары мен заңды өкілдерінен электронды және қағаз форматта қабылдануда.

Биылғы оқу жылында Шымкент қаласындағы 268 мектепке 27 546 оқушыны 1-сыныпқа қабылдау жоспарланған. 2025 жылғы сәуірдің 1-інен бүгінге дейін 21 097 өтініш қабылданған. Оның ішінде:
• Электронды түрде – 16 893 өтініш,
• Қағаз нұсқада – 4 204 өтініш.

Тілді оқыту бағыты бойынша:
• Қазақ сыныбына – 12 777 оқушы,
• Орыс сыныбына – 4 818 оқушы,
• Өзбек сыныбына – 3 499 оқушы қабылданды.

Бұл қабылдау жоспарының 76 пайызы орындалғанын көрсетеді.

Құжат қабылдау процесі:
Барлық білім беру ұйымдарында құжаттарды қабылдау eGov.kz порталы арқылы онлайн форматта және мектеп әкімшілігіне тікелей тапсыру арқылы жүргізілуде. Мектептерде жауапты мамандар бекітіліп, ата-аналарға түсіндіру және кеңес беру шаралары ұйымдастырылды.

Ата-аналармен ақпараттық жұмыс:
Апта сайын мектеп әкімшіліктері ата-аналармен кездесу өткізіп, қабылдау талаптары, қажетті құжаттар мен мерзімдер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен мектептердің ресми сайттары арқылы ақпараттық хабарламалар таратылып отыр.

Қиындықтар мен ұсыныстар:
Қазіргі таңда 1-сыныпқа қабылдау процесі жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Мәліметтер апта сайын жинақталып, білім ұйымдарына әдістемелік қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар, ата-аналармен тиімді кері байланыс орнату жалғасуда.

Әлеуметтік қолдау шаралары:
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 және 2025 жылғы 8 мамырдағы №320 қаулыларына сәйкес, жаңа оқу жылында әлеуметтік осал санаттағы 56 430 оқушыға 46 500 теңгеден бір реттік қаржылай көмек көрсету жоспарланған. Бұл көмекке атаулы әлеуметтік көмек алатындар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан оқушылар кіреді. Аталған мақсатқа жалпы сомасы 2 млрд 623 млн 995 мың теңге бөлінуі жоспарлануда.

Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Толығырақ: https://www.youtube.com/live/vB4QPzxzoIs

x

Check Also

Шымкент: Қала басшысы поляктың «Selena group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков поляктың «Selena Group» холдингі өкілдерімен кезекті рет кездесу өткізді. Әкім Компания президенті Славомир Майхровски ...

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен студенттер арасында ашық диалог өтті

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға ...