«Шымкент – Сиань» бағытындағы жаңа халықаралық тікелей әуе рейсінің ашылуына орай Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында бірқатар іс-шаралар өтті. Іс-шаралар барысында Шымкент қаласының туристік және инвестициялық әлеуеті кеңінен таныстырылды,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Шара Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен өтті. Делегация құрамындағы шымкенттік өкілдер Сиань қаласының іскер топтарымен және туристік индустрия субъектілерімен B2B форматындағы мазмұнды кездесулер өткізіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады.
CITS Сиань туризмі орталығының өкілдерімен өткен кездесуде туризм саласын дамыту, өзара тәжірибе алмасу және туристер легін арттыру мәселелері қарастырылды. Шымкенттің туристік мүмкіндіктері таныстырылып, қаланың тарихи-мәдени нысандары мен инфрақұрылымдық әлеуеті туралы ақпарат ұсынылды.
Сонымен қатар, Сиань қаласының Сыртқы байланыстар, Мәдениет және туризм басқармаларының, сондай-ақ Shaanxi China Travel Service компаниясының қатысуымен өткен келіссөздер барысында туроператорлармен бірлескен жұмыс жүргізу мәселелері талқыланды. Мақсат – Шымкентке Қытайдан келетін туристер санын арттыру.
Кездесу аясында Сиань–Алматы халықаралық туристік пойызын Ұлы Жібек жолы бағытындағы турпойызбен байланыстыру бастамасы да ұсынылды. Бұл жоба екі қаланың тарихи байланыстарын қайта жаңғыртып, туристік серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге ықпал етпек.
Анықтама: Сиан қаласы Қытай тарихында ықпалы зор. Қала тарихы 6000 жылдан астам. 1200 жылдан астам мерзімде Қытайдың 13 патшалығының (династиясының), Чжоу, Чин (Цинь), Хан (Хань), Суй және Таң дәуірінде де орталығы саналған. Әдетте патшалықтардың орталықтары казірігі Сиан орталығынан алшақта, әр жерлерде орналасқан. Сиан қаласы Жібек жолының Қытайға тармақталған бөлігінде керуендердің тұрағы болған. Қала төңірегінде патшалық қорғандар, Чин шыхуаң («Чиннің бірінші императоры») кесенесі (мавзолейі), терракота (күлгін түсті саздан жасалған) жауынгерлер армиясы мүсіндері де осы жерден табылған.
Сиан — Қытайдың әйгілі тарихи және мәдени орталықтарының бірі. Қытай рухани өркениетінің мекені, Қытай халқының бесігі, Қытай мәдениетінің көрнекті өкілі.
Қазіргі таңда Сиан қаласы — Қытайдың жеті үлкен өңірлік орталықтарының бірі.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
