Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен құқық қорғау органдарының маусымда кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.
– Тағайындаулар біреуге бүйрегі бұратын субъективті шешімге емес, лайықты еңбекке, нақты көрсеткіштер мен кәсіби жетістіктерге негізделуге тиіс. Әйтсе де, Ли Куан Ю айтқандай ішкі түйсікке де иек артқан жөн. Әрбір офицер адал қызметінің лайықты бағаланатынына сенімді болуы керек. Жалпы, бүгінгі айқындалған бағыттар құқықтық тәртіп пен заңдылықты сақтаудың жаңа моделін қалыптастыруды көздейді. Институттық реформалар мен технологиялық жаңашылдықтарды ұштастыра отырып, құқық қорғау органдарын одан әрі жаңғырта беруіміз керек. Мен бір апта ішінде құқық қорғау органдарындағы олқылықтардың барлығы көрсетілетін материал дайындау жөнінде тапсырма бердім. Мұнда қызметке де байланысты кемшіліктер бар. Сондықтан біз бүгін ол туралы егжей-тегжей айтпаймыз. Дегенмен мәселенің шет жағасы қозғалды. Бір апта ішінде құжат барлық құқық қорғау органына жіберіледі. Одан кейін біз жабық форматта жиын өткізіп, жұмыс барысын талқылаймыз. Сіздер қылмысқа қарсы күрес пен қоғамдық тәртіпті сақтау ісін өмірлік миссия ретінде таңдап, адал қызмет етіп келесіздер. Бұл – қиындығы көп болғанымен, елге қажетті әрі абыройлы жұмыс. Осы күрделі жолды нағыз отаншыл адамдар таңдайды. Сіздер әр азаматтың жайлы өмір сүруіне, бизнестің тұрақты дамуына, балалардың бақытты әрі алаңсыз өсуіне орасан зор үлес қосып жүрсіздер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, еліміздегі ірі қалалармен қатар, шалғай елді мекендердегі қоғамдық қауіпсіздік – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасы. Осындай тұрақтылық пен тыныштықтың артында Заң мен тәртіп үшін жасалған ерен ерлік бар. Халқымыз құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ерлігін бағалайды, мақтан тұтады, әрқашанда қолдайды. Жақында күштік құрылымдарымыз Алматы облысында ірі есірткі зертханасын жойды. Маңғыстау облысында трансұлттық деңгейдегі ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Соның нәтижесінде есірткі бизнесіне мықты тосқауыл қойылды. Арнайы операцияларға қатысқан мамандар жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды.
– Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы. Өкінішке қарай, Тәуелсіздік жылдарында 842 азамат қызметтік міндетін орындау кезінде қазаға ұшырады, 4,5 мың адам жарақат алды. Қазір біз қаза болған ерлеріміздің жақындарына марапат тапсырамыз. Ержүрек сақшылардың ерлігі халыққа жанқиярлықпен қызмет етудің үлгісі ретінде жұртымыздың жадында сақталуға тиіс. Осы орайда, мен мекемелік наградаларға қызмет бабында қаза болған қаһармандардың есімін беру мәселесін қарастыруды ұсынамын. Сондай-ақ көшелер мен құқық қорғау мекемелерін батырлардың атымен атауға болады. Мұндай тәжірибе елімізде бұрыннан бар. Лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың есімі Тараздағы орталық көшелердің біріне берілді. Сондай-ақ қаладағы оқу-жаттығу полигоны да батырдың атымен аталған. Таяуда оның өмірі мен ерлігі туралы «Капитан Байтасов» атты көркем фильм көрермен назарына ұсынылмақ. Өрт сөндіру кезінде опат болған Асқар Забикулин де елдің есінде. Астанадағы Өрт сөндіру бөліміне және сол бөлім орналасқан көшеге оның есімі берілді. Бұл азаматтарды нағыз бейбіт күннің батырлары деуге болады. Олар ақтық демі қалғанша антқа адал болды, қызметтік парызын өтеу жолында өз өмірлерін құрбан етті. Елге және заңға қызмет етуге бел буған әрбір азамат адамгершілік пен әділдік құндылықтарын басшылыққа алады. Қылмысқа қарсы күресті қастерлі парыз деп санайды. Мұндай қасиеттер адамға, ең алдымен, отбасындағы тәрбие арқылы беріледі. Құқық қорғау саласында ата-анасының жолын қуып, отбасы дәстүрін жалғастырып жүрген қызметкерлер аз емес. Қазір біз үш атадан бері тәртіп сақшысы болған Зайнулиндер әулетінің өкілдерін марапаттаймыз. Мен бүгін барша құқық қорғау жүйесінің ардагерлеріне зор алғыс айтамын. Сіздердің мінсіз қызметтеріңіз – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге, – деді Президент.
Жалпы, заң мен тәртіп ұғымы көшедегі тазалық пен қауіпсіздік сияқты қарапайым нәрседен басталады. Жергілікті билік, бизнес және қоғам белсенділері ортақ мүдде жолында күш біріктіріп жұмыс істесе, қоғамдағы заң мен тәртіп те нығая түседі. Осы орайда Мемлекет басшысы Ақмола облысында жүзеге асырылып жатқан «Зиялы қауым» жобасын ерекше атап өтті. Ауыл әкімдері, ақсақалдар және шаруа қожалықтарының басшылары бірлесіп, учаскелік инспекторларға қолғабыс етуде. Жергілікті азаматтардың осындай үлгілі ісіне қолдау көрсету керек. Бұл – азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бес жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген бірқатар ауылдың ақсақалдарын мақтап, марқайтып қойды.
– Құқық қорғау органдарының көп жұмысы сырт көзге көріне бермейді. Жедел қызметкерлер, тергеушілер, прокурорлар, криминалистер, патруль қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен басқа да құрылым қызметкерлері күн сайын ел тыныштығын қас қақпай күзетуде. Ешқандай қауіп-қатерге қарамастан, Отан үшін жасап жатқан адал қызметтеріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Мен Сіздерге сенемін! Әрқайсысыңыз мықты маман, отаншыл әрі адал азамат деген атқа лайықсыздар. Әрине, құқық қорғау мекемелерінің жұмысында ешқандай қателік немесе жетіспеушілік жоқ деп айтуға болмайды. Бірақ қара бұлтты төндірудің де қажеті жоқ. Бәріміз бір ел, бір халық болып Қазақстанымыз үшін қызмет етіп, табанды жұмыс істеуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ ұлттық парыз, азаматтық борыш. Қазақстан қауіпсіз, заң мен тәртіпке бағынатын ел болуы керек. Сондықтан менің тапсырмам бойынша Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесі бір аптаның ішінде Құқық қорғау органдарының жұмысы туралы арнайы талдау дайындауы керек. Барлық түйткілдерді ашық түрде көрсетеді, мәселелерді шешу жолдарын ұсынады. Бұл – өте маңызды жұмыс, оны жалғастыру қажет. Түптеп келгенде, біздің басты бағдарымыз – айқын. Бұл – заң мен тәртіп қағидаты. Қызметтеріңізге табыс тілеймін! – деді Мемлекет басшысы.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ
«Egemen Qazaqstan» газеті
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
