2025 жылдың «Еңбек адамы жылы» деп жариялануы – маңдай терімен күн кешіп, бейнетімен береке тауып жүрген қарапайым еңбек адамдарына жасалған шынайы құрмет. Бұл бастама – даңқ пен атаққа емес, адалдық пен жауапкершілікке негізделген еңбектің ел алдында лайықты бағалануы,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Сол еңбек майданының алдыңғы шебінде жүрген азаматтардың бірі – Мейірхан Қыдырбайұлы. Ол – қауіпсіздік техникасы саласында қызмет етіп жүрген маман. Бірақ жай ғана маман емес, ұжым тыныштығы мен өндіріс амандығын қамтамасыз етіп жүрген қарапайым, бірақ қадірлі тұлға.
Мейірхан Қыдырбайұлы 1984 жылдың 17 мамырында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданына қарасты Тассаи елдімекенінде дүниеге келген. Ауылдың аялы топырағынан нәр алған ұлтжанды ұл – бүгінде төрт баланың әкесі, отбасына қорған, қоғамға адал қызметкер. Ол қазіргі таңда «Zeinep» ЖШС-де Қауіпсіздік техникасы қызметкері ретінде еңбек етіп келеді. Бұл қызмет – көпке көріне бермейтін, бірақ әрбір жанның амандығына тікелей жауапты, өте маңызды сала. Мейірхан күн сайын көзге көрінбейтін қауіптің алдын алып, әріптестерінің амандығына кепіл болып отыр. Оның ұқыптылығы, тәртіпке деген талапшылдығы – өз ісіне деген шынайы құрметінің көрінісі.
Мейірхан ешқашан даңққа ұмтылған жан емес. Бірақ оның тыныш еңбегі – айналасына сенімділік сыйлап отыр. Әріптестері оны жауапкершілігі мол, тиянақты адам ретінде бағалайды.
Еңбек – елдің тірегі, еңбек адамы – сол тіректің тұғыры. Мейірхан Қыдырбайұлы – өзінің кәсібі арқылы елге қызмет етіп жүрген, үнсіз үлес қосып жүрген қарапайым қаһарман.
Осындай адал жандар – елдің нағыз байлығы. Олар елдің ертеңін бүгіннен бастап мықтап жатыр. Адалдықпен өмірін өрген, еңбегімен елдің рухын көтерген азаматтарға бас иеміз!