Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйледі, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президенттің сөзінше, кейінгі жылдары елімізде барлық салада ауқымды реформалар жасалып жатыр.
«Мемлекеттің саяси жүйесі мен экономикалық құрылымы түбегейлі жаңғырып жатыр. Ел ішінде жоғары құқықтық мәдениет қалыптасып келеді. Азаматтық жауапкершілік идеологиясы берік орныға бастады. Бұл – біздің стратегиялық бағдарымызға тән аса маңызды басымдық. Мемлекет құқық қорғау жүйесін жетілдіруге және барлық салада заң мен тәртіп орнатуға баса мән береді. Осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіздік. 2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайды. Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеді, ал кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30 пайызға кеміді. Қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80 пайызға азайды. Бұл – азаматтарымыз көшеде ештеңеден қауіптенбей, алаңсыз жүре алады деген сөз», — деді Тоқаев.
Қара бұлтты төндірудің де қажеті жоқ
Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау мекемелерінің жұмысына қатысты пікір білдірді.
«Әрине, құқық қорғау мекемелерінің жұмысында ешқандай қателік немесе жетіспеушілік жоқ деп айтуға болмайды. Бірақ қара бұлтты төндірудің де қажеті жоқ. Бәріміз бір ел, бір халық болып Қазақстанымыз үшін қызмет етіп, табанды жұмыс істеуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ ұлттық парыз, азаматтық борыш. Қазақстан қауіпсіз, заң мен тәртіпке бағынатын ел болуы керек», — деді Президент.
Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.
«Сондықтан менің тапсырмам бойынша Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік кеңесі бір аптаның ішінде құқық қорғау органдарының жұмысы туралы арнайы талдау дайындауы керек. Барлық түйткілді ашық түрде көрсетеді, мәселелерді шешу жолдарын ұсынады. Бұл – өте маңызды жұмыс, оны жалғастыру қажет. Түптеп келгенде, біздің басты бағдарымыз айқын. Бұл – заң мен тәртіп қағидаты. Қызметтеріңізге табыс тілеймін!» — деді Мемлекет басшысы.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
