Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Ата Заңым – Айбарым» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараны Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды,-деп хабарлайды Xnews.kz ақпарат агенттігі Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Дөңгелек үстел жұмысына Шымкент қаласының прокуратурасы басқармасының прокуроры Берік Құрбанов және Шымкент қаласы Полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Асқар Мырзахмет қатысты.
Кездесу барысында сала мамандары Конституцияның мазмұны мен құрылымына, оның құқықтық мемлекет құрудағы және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі рөліне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, заңнаманы білудің қоғам тұрақтылығы мен азаматтық жауапкершілікті арттырудағы маңыздылығы атап өтілді.
Іс-шара еркін пікір алмасу форматында өтті. Жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, құқық қорғау саласы өкілдері өздерінің кәсіби тәжірибесімен бөлісті.
Шара соңында қатысушылар құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау және құқықтық нормаларды құрметтеу – қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіптің кепілі екендігі жөнінде ортақ пікірге келді.
Еске салсақ, Президент «Заң мен тәртіп» қағидасының мән-маңызы әлдеқайда терең екенін жеткізді. Яғни бұл қағида құқық қорғау саласына ғана арналған деп тұжырымдаған дұрыс болмайды.
«Мен бұл қағиданы тереңірек түсінемін. «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырған жоқпыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі. «Заң мен тәртіпке» бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз. Сондықтан біздің міндетіміз – бұл қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру», деді Президент.
Мемлекет Басшының сөзінше, қазақ халқы қай заманда да заңға бас иген, дала заңын сақтаған халық. Бұл – біздің қанымызға сіңген қасиет.
«Түрік қағанаты, Алтын Орда мен Қазақ хандығы мықты мемлекеттік құрылымы, бірегей құқықтық жүйесі бар қуатты ел болғаны бәрімізге аян. Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын Ұлы даланың конституциясы деуге болады. Атадан балаға жалғасқан бұл заңдар мемлекеттілік дәстүрін нығайта отырып, қоғамдық дамуға ерекше ықпал еткен. Ұлы далада еркіндік пен әділдік, ар-намыс пен адамгершілік, тілеулестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұрған», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидаты ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келеді. Біз ата-бабамыздың бірегей құқықтық мұраларын мұқият зерделеп, жан-жақты насихаттауымыз керек. Бұл – халқымыздың құқықтық сана-сезімін арттыратын маңызды фактордың бірі деді Президент.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
