Биыл да әдеттегідей Президент Жолдауының басым бөлігі халықты әлеуметтік қолдау саласына арналды. Қасым-Жомарт Кемелұлы ел тұрғындарының әл-ауқатын көтеру мәселесін үнемі жіті назарда ұстап келеді. 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы да халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған игі қадам деп айтуға толық негіз бар.
Шын мәнінде, біз инфрақұрылым мен экономиканы дамыту туралы айтқанда ең бірінші кезекте білікті мамандардың жетіспеушілігі деген мәселеге тап келеміз. Барлық салада қазір осындай көрініс. Сондықтан Президент бастамасы жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, елге қажетті кадрларды даярлауға арналып отыр.
Айталық, бес жыл бұрын жастарға колледжде білім алу үшін көптеген грант бөлдік. Бірақ бұл мәселені шешті ме? Шынын айту керек, жұмысшы мамандықтарына жастар көп қызыға бермейді. Оның беделі айтарлықтай жоғары емес. Тіпті грант саны мен шәкіртақының өскеніне қарамастан, колледжде оқуға ынта білдірушілер қатары аз. Сондықтан бұл Жолдауында Президент жұмысшы мамандықтарын қолдау туралы айтты. Тіпті осы саланың үздіктеріне арналған мемлекеттік наградалар енгізілмек.
Жұмысшы мамандықтарына қызығушылықтың төмендігіне ең басты себеп – жалақының аздығы. Салыстырмалы түрде айтсақ, біз бұған дейін мұғалімдердің жалақысы төмен болғанын білеміз. Соның салдарынан бұл мамандыққа көбінесе ұлттық бірыңғай тестілеуде шекті балды әрең жинаған, яғни үлгерімі төмендеу түлектер келетін. Ал олардан қандай ұстаз шығады? Кейін біз салада түбегейлі реформа жүргізіп, олардың жалақысын бірнеше есеге өсіріп, қажетсіз жұмыстардан арылтқанда жағдай мүлдем өзгерді. Бүгінгі таңда мұғалім мамандығына түсіп жатқан талапкерлердің орташа жинайтын балы 100-ден асып жығылады. Сондықтан кез келген мамандықтың жастар тарапынан қызығушылық тудыруы үшін, ең алдымен, оның жалақысын көтеру керек.
2024 жылы жазда өңірлерде болғанымызда елімізде дәнекерлеуші, кран машинисі, су жолы қызметкері, слесарь секілді қажет мамандардың жетіспейтінін көрдік. Себебі сол – олардың жалақысы аз. Сондықтан ол мамандықтарға ешкім барғысы келмейді. Қазір Парламент тарапынан қабылданған нормативтік-құқықтық база бұл бағытта жұмыс істеу үшін жеткілікті. Заңдар бар, енді атқарушы органдар біз айтып отырған жалақы мәселесін көтеру жағымен шұғылдануы керек.
Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ,
Мәжіліс депутаты
Xnews: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».
Елімізде «Жұмысшы мамандықтарын» насихаттау қарқынды жүріп жатыр. Мысалы Шымкент қаласында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Шымкент қаласының арнайы өңірлік жоспары дайындалып, Үкіметтің жеті негізгі бағытына сай шаралар кешені іске асырылатынын мәлімдеді. Жалпы жоспар 6 бөлімнен және 59 тармақтан тұрады. Оның ішінде жұмысшы мамандықтарды насихаттау, кәсіптік бағдар беру, жұмысшы кадрларды даярлау және жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру сияқты бағыттар қамтылған. Штаб құрамы мен ережесі бекітіліп, әкімдіктің тиісті салалық басқармалары жоспар бойынша жұмыстарын бастап кеткен.
Ғани Мұратбаев «Жастардың бүгінгі міндеті — оқу, білім, тәрбие жұмыстары. Жастар бүгін сөзден іске көшетін заман. Білімсіз істің реті болмайды. Сондықтан, жастардың жалпы назары мектепке аударылуы керек» дегенің естен шығармауымыз керек.
Xnews — ақпарат агенттігі Әлем және Қазақстанның соңғы жаңалықтары
