Жұмысшы мамандығының жаңа идеологиясын жасап жатырмыз – Тамара Дүйсенова

Елордада жұмысшы мамандықтарының фестивалі өткен еді. Онда Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жұмысшылар мамандығы жылының маңызына тоқталды.

— Фестивальге 200-ге жуық ірі, шағын және орта бизнес өкілдері қатысып жатыр. Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждер және ғылыми зерттеу институттары қатысып отыр. Бес күннің ішінде инновациялық сессиялар, хакатондар өткізеді. Жұмысшы мамандығының жаңа идеологиясын жасап жатырмыз. Жұмысшы мамандығын біз барлық уақытта ең төмен өнімді маман деп айтамыз, бүгін олай емес. Бүгінде жұмысшы маман дегеніміз — жаңа технологиямен жұмыс істейтін, заманауи технологиямен жұмыс істейтін кәсіпорындарды басқаратын оператор, техниктер. Сонымен қатар дрон жасап, жинайтын мамандар. Мамандық таңдап жүрген, мамандығын таңдап қайда барып жұмыс істеймін деп жүрген жастар осы жұмысшылар қаласы арқылы жұмыс орнын таба алады, — деді Тамара Дүйсенова БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып. 

Фестиваль аясында бес күн бойы семинарлар, мұнай және энергетика өнеркәсібі тақырыптары бойынша хакатон, мамандықтар шеруі, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, стартаптардың тұсаукесері, машина жасау бойынша шеберлік сабақтары, концер пен халықаралық аккредиттелген колледждердің тренингі секілді іс-шаралар өтті.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың маңыздылығы туралы мәлімдеген еді.
«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».

Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек екенін қадап айтты.

«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді Президент.

x

Check Also

Тағы да бір кезекті ота, тағы да бір өмір

Дәрігерде үш қару бар. Олар: сөз, өсімдік, пышақ. © Ибн Сина (Авиценна). Жұмысшы мамандықтар жылы: дәрігер – өмір сақшысы. 2025 ...

Аграрлық сектордың жаңа бағыты: Қаржыландыру, цифрландыру, инвестиция және экспорт

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында агроөнеркәсіп кешенін кешенді жаңғыртудың жаңа кезеңін таныстырып, саланы қаржыландыру, цифрландыру, инвестиция тарту ...