Цифрлық технология мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет

Президент, екіншіден, Құқық бұзушы­лықтың алдын алу жұмыстарын күшейту қажет екенін баса айтты. Оның айтуынша, қылмыс оған қолайлы жағдай жасаған жерде өршиді. Қылмыстың және заңға қайшы әрекеттердің салдарымен ғана күресуге болмайды. Қылмысқа түрткі болатын себептерді алдын ала анықтап, жойып отыру қажет.

– Менің тапсырмаммен «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп, Мәжілістің қарауына берілді. Жаңа заң аталған саладағы мем­лекеттік саясатты біріздендіріп, профи­лактикалық шаралармен қамты­латын тұлғалардың санатын кеңейтеді. Мұндай заң сөзсіз керек. Сондықтан мейлінше тез қабылдау қажет. Парламент депутаттарынан заң жобасын жылдың соңына дейін қарап, қабылдауды сұраймын. Заңнамалық өзгерістермен қатар, ұйымдық құрылымды да жаңғырту қажет. Ішкі істер министрлігі жүйесінде профилактикалық жұмыстарды үйлестіретін дербес бөлімше құратын уақыт келді. Құқық қорғау органдарының тиімділігін бағалау жүйесіне де өзгеріс қажет. Онда құқық бұзушылықты ескерту бағытындағы жұмыс нәтижесі есепке алынуға тиіс. Қылмысқа көбінесе тұр­мысы нашар отбасыдан шыққан адам­дар барады. Алдын алу шараларын жүзеге асырғанда дәл осы санатқа айрық­ша назар аударған жөн. Бұл ретте әлеу­меттік қорғау органдары мен жергілікті билік маңызды рөл атқарады. Көптеген құқық бұзушылық ұқсас жағдайда, бірдей факторлардың әсерінен орын алады. Тиісті деңгейде талдау жасалса, оны дер кезінде ауыздықтауға болады. Басқаша айтқанда, қылмыс қаупін болжау және оған қарсы іс-қимыл жүйесін қайта қарау керек. Ол үшін Құ­қық­тық статистика және арнайы есеп­ке алу коми­тетінің әлеуетін толық пай­далан­ған жөн. Аталған ведомство жай ғана есеп сақ­тайтын орын емес, қоғамдық қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерді анықтайтын және ескертумен айналысатын орталық болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен «үлкен дерекқор» мүмкіндіктерін жұмылдыру қажет екенін алға тартты. Бұл ретте көп ұзамай іске қосылатын суперкомпьютерімізді осы мақсатта пай­далануға болады. Жалпы, қоғамдық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету саласына цифр­лық технологиялар мен басқа да озық ше­шімдерді енгізуді жалғастыру керек. Мұн­да салалық министрлік негізгі рөл ат­қарады. Сондықтан Президент жұ­мыс үде­рісін барынша цифрландыруды тап­­сырды. Өйткені бұл тиімділікті артты­рып, жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

– Жасанды интеллект технологиялары құқық қолдану тәжірибесін стан­дарт­тауға көмектеседі. Бұл, өз кезегін­де, бірдей қылмыстық әрекет мүлде әртүрлі бағаланатын және азаматтарды қылмыстық процеске негізсіз тартатын жағдайды болдырмауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері Президент Әкімшілігіне дәл осындай, яғни сотқа дейінгі іс жүргізу мәселесі бойынша 3 мың шағым келіп түсті. Сондықтан цифрлық технологияның мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет. Мысалы, қазір елімізде іске қосылған «Заң мен тәртіп» платформасын Электронды үкімет пен танымал банк қосымшалары арқылы қол­дануға болады. Осы цифрлық плат­фор­маның арқасында азаматтарымыз полицияға тікелей және жедел түрде хабарлама жолдай алады. Осылайша, кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруға ықпал етеді. Мен Ақтөбе облысына сапарым кезінде Жедел басқару орталығында болдым. Орта­лықта жасанды интеллектінің көмегі­мен қаладағы ахуалға тәулік бойы бейне­бақылау жүргізіледі. Полиция қызметі­нің тиімділігін арттыратын осындай орталықтарды еліміздің барлық қаласы мен ауданында ашу қажет. Әкімдер бұл жұмысқа белсенді түрде кірісуге тиіс. Бұдан бөлек, «Қауіпсіз қала» ұлттық плат­формасын іске қосу керек. Бұл – қаладағы бейнебақылау құралдары енді адамның бет-жүзін анықтап, оның жүріс-тұрысына талдау жасап, көшедегі көлікті де есепке алады деген сөз. Мұндай озық технологиялар түрлі заңсыздықтың алдын алуға мүмкіндік береді, сол арқылы қоғамдық тәртіпті нығайта түседі, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев интернет және телефон алаяқтығының алдын алу мәселесіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, қылмыстың бұл түрі бүкіл әлемде белең алды. Көбіне мұндай іске тыңғылықты ұйымдасқан қыл­мыс­тық топтар барады. Олар шетелден әрекет ететіндіктен, тергеу амалдарын қиындатады. Сондықтан бұл ретте алдын алу шараларының мәні зор. Өткен жылы Ұлттық банк жанынан заманауи антифрод-орталық ашылды. Олар күмән тудырған операцияларды анықтап, бұғаттап отырады. Сонымен қатар өз­дері­не тиесілі инфрақұрылымды пай­дала­на отырып жасалған алаяқтық үшін банктер мен ұялы байланыс операторларына да жауапкершілік белгіленіп жатыр.

– Азаматтарымыздың жеке мәлімет­терінің сенімді жерде сақталуын қамта­масыз ету өте маңызды. Халықтың қаржы­лық сауатын арттырып, қоғамда алаяқ­тар­дың әрекеттеріне иммунитет қалып­тас­тыру үшін барлық деңгейдегі депутаттармен бірлескен жұмысты күшейткен жөн. Алаяқтар ақшаны жылыстататын немесе сыртқа шығаратын қитұрқы айла­ларына адамдарды алдап түсіреді. Бұл да үлкен проблемаға айналды. Азаматтарымыз пайдаға кенелеміз деп оларға банк есепшоттарын беріп қояды. Бірақ бұл әрекеттерінің салдары қандай ауыр болатынын ойлай бермейді. Кейінгі бір жарым жылда 50 мыңнан аса адам осындай жағдайға душар болды. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі – жастар. Бұл мәселеге қатысты шұғыл шара қабылдау керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен бірге осындай шоттарды алдын ала анықтап, бұғаттайтын тиімді жүйені жолға қойғаны жөн. Аталған мәселенің бір ұшы бақылаусыз сим-карта айналымына келіп тіреледі. Тек биылдың өзінде сим-карталарды басқа біреудің атына рәсімдеген 100 мыңға жуық факті анықталды. Нөмірлерді түрлі қылмыстық мақсатқа пайдаланады. Үкіметке уәкілетті органдармен бірлесе сим-карталарды сату тәртібін реттеуді және оларды таратқаны үшін мобильді операторлардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырамын, – деді Президент.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ
«Egemen Qazaqstan» газеті

x

Check Also

Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды

Заң арқылы жасанды интеллект жүйелері қызметінің негізгі қағидаттары енгізілді. Жасанды интеллект жүйелері ақпараттандыру нысаны ретінде анықталды. Енді жасанды интеллект адамның ...

Дроны помогли задержать наркосбытчицу с 2 кг синтетики в Шымкенте

Правоохранители стали всё чаще использовать БПЛА в обеспечении правопорядка. Дроны задействованы в дорожном патрулировании, для контроля на массовых мероприятиях и ...