Батырлардың жақындары алғысқа бөленді

Кеңейтілген алқа мәжілісінде Бас прокурор Берік Асылов, Премьер-министр­дің бірінші орынбасары Роман Скляр, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­­мыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұма­ғ­а­ли, Қаржылық мониторинг агент­ті­гінің төрағасы Жанат Элиманов сөз сөйледі.

Сонымен қатар осы іс-шара барысында жанқиярлық ерлігімен ерекшеленген ерлердің жақындарына құрмет көрсетіліп, алғысқа бөленді. Атап айтсақ, суға батып бара жатқан адам­ды құтқарамын деп қыз­мет барысын­да ерлікпен қаза тапқан Атырау қаласы­ның жол-патруль поли­ция­сы батальоны­ның қызметкері Шалқар Ақымғалиев III дәрежелі «Айбын» ордені­мен наградталған. Ержүрек ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелеген Шалқардың анасы Ләззат Мұқановаға Алғыс жарияланды.

Қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметінің жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулиннің жұбайы Анель Забикулинаға Алғыс жарияланды.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтама­сыз ету кезінде ерлік жасап, соның салдарынан өз бетімен қозғалу мүмкіндігінен айырылған Алматы қаласы Полиция департаментінің Жол полициясы батальоны командирінің орынбасары Әнуар Байтұрсыновқа демеу болып, адалдық, табандылық танытқан жары Гүлжан Байтұрсыноваға Алғыс жарияланды.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді атсалысып, көпке үлгі көрсет­кені үшін Ақмола облысы Атбасар ауданы Шуйское ауылының ақсақалы Ерке­бай Байжігітовке Алғыс жарияланды.

2022 жылдан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген Жамбыл облысы Шу ауданы Балуан Шолақ ауылының Ақсақалдар кеңе­сінің төрағасы Есенгелді Текебаевқа қоғам­­дық тәртіпті қамтамасыз етуге белсен­ді қатысқаны үшін Алғыс жарияланды.

Жамбыл облысындағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп келе жатқан поли­циядағы құрметті әулеттердің бірі – Зайнулиндер отбасына абыройлы қызмет атқарып, қоғамдық тәртіпті нығай­туға елеулі үлес қосқаны үшін Алғыс жарияланды. Әулеттің жалпы еңбек өтілі – 63 жыл.

2013 жылдан бері 500-ден аса күрделі істі ашқан Алматы қаласы Полиция депар­таментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция майоры Жанна Шешмухановаға кәсібилігі мен адалдығы үшін Алғыс жарияланды.

Мерекелік концертті тамашалады

Осы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Полиция күніне арналған концертті тамашалады.

«Заң және тәртіп» апталығы аясында өткен мерекелік іс-шараға құқық қорғау құры­лымдарының басшылары, Ішкі істер ми­нистрлігінің жеке құрамы, ардагерлер, сондай-ақ азаматтарды құтқару үшін өмірін құрбан еткен полиция қызмет­керлерінің жақындары қатысты.

Концертте отандық өнер шебер­лерінің шығармалары ұсынылды. Кәсіби міндетін орындау кезінде қаза болған құқық қорғау органдарының қызмет­керлерін еске алған реквием көпшіліктің көңілін қозғады. «Жас сақшы» полиция сыныбы оқушыларының орындауындағы ән де ерекше жылы әсер қалдырды.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ
«Egemen Qazaqstan» газеті

x

Check Also

Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды

Заң арқылы жасанды интеллект жүйелері қызметінің негізгі қағидаттары енгізілді. Жасанды интеллект жүйелері ақпараттандыру нысаны ретінде анықталды. Енді жасанды интеллект адамның ...

Дроны помогли задержать наркосбытчицу с 2 кг синтетики в Шымкенте

Правоохранители стали всё чаще использовать БПЛА в обеспечении правопорядка. Дроны задействованы в дорожном патрулировании, для контроля на массовых мероприятиях и ...