Шымкент қаласының «Арбат» алаңында Қала күні мерекесі аясында елімізде алғаш рет өткізілген Shymkent Usta Fest – тұтас ағаштан жасалатын қолөнер шеберлерінің халықаралық фестивалі өз мәресіне жетті. Ауқымды мәдени іс-шара Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Фестивальдің салтанатты жабылу рәсімінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек сөз сөйлеп, фестивальдің ұлттық мәдениетті сақтау мен дамытудағы рөліне тоқталды:
– Фестивальдің мақсаты – тұтас ағаштан жасалатын дәстүрлі және заманауи бұйымдар арқылы ұлттық қолөнер мұрасын дәріптеу, кәсіби шығармашылықты дамыту және халықаралық мәдени байланысты нығайту. Шеберлер бір апта бойы «Арбат» көшесінде өз өнерін ортаға салып, ағашқа жан бітірді. Бұл – нағыз тірі экспозиция, – деді қала әкімінің орынбасары.
Фестиваль аясында ағаш шеберлерінің қолдан жасалған шығармашылық туындылары көрермен назарына ұсынылды. Көрмеге қойылған әрбір жұмыс — ұлттық болмыс пен тарихи танымның көрінісі, сондай-ақ экологиялық мазмұн мен философиялық терең мағынада орын тапқан өнер туындысы ретінде бағаланды. Бұл бұйымдар — тек қолөнер үлгісі ғана емес, сонымен қатар шебердің ішкі жан-дүниесі мен дүниетанымын бейнелейтін рухани мұра.
Шара барысында фестивальге қатысқан қолөнершілерге арнайы марапаттар мен алғыс хаттар табысталды. Кеш соңында Шымкент қаласының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айта кету керек, алты күнге созылған бұл фестивальге Қазақстанмен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Шешенстан және Ресей Федерациясынан келген танымал ағаш шеберлері қатысты. Қолөнершілер күн сайын «Арбат» алаңында жұртшылықтың көз алдында туынды жасап, бір-бірімен кәсіби тәжірибе алмасты.
Фестиваль аясында алаңда қолөнер көрмелері, жәрмеңкелер мен мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше рухани әсер сыйлады.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі