Түркістанда Мұхтархан Ділдәбеков атындағы халықаралық бокс турнирі басталды

Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде бокстан Сидней Олимпиадасының және әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, ҚР Бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Қобыланбекұлы Ділдәбековтың жүлдесіне арналған жастар арасындағы XIII халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп және Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.

– Түркі әлемінің алтын бесігі – қасиетті Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі бастамалары өңірде нақты жүзеге асуда. Бүгінгі турнир – сол бастамалардың жарқын көрінісі. Облысымыздан өте талантты спортшылар көп шыққан. Солардың бірі – Сидней Олимпиадасының және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері – Мұхтархан Қобланбекұлы. Бүгін біз сайыпқыранымыздың жүлдесіне арналған жастар арасындағы XIII халықаралық турнирде кездесіп отырмыз. Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 40 спорт ұйымында 6000-ға жуық жас боксшы шұғылдануда. Аймақта бокс қарқынды дамып жатыр. Қатысушыларға әділ, таза әрі табысты бәсеке тілеймін! – деді Ертай Алтаев.

Биылғы турнирге Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Әзербайжан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан, еліміздің бар өңірінен келген 20 команда сапында 140-тан астам жас боксшы қатысуда. Олар 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынап, мықтыны анықтайды.

Жарыстың басты мақсаты – талантты жастарды ұлттық құраманың сапына іріктеу және 1-13 тамыз күндері Таиландтың Бангкок қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысатын үздік спортшыларды іздеу. Жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Мақсат Бақтыбазаровтың айтуынша, турнир деңгейі жоғары, ал қатысушылар өз дайындықтарын толықтай көрсетуде.

Ауқымды жарысты Түркістан облысының әкімдігі, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жоғары деңгейде ұйымдастырды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

x

Check Also

Қазақстанда спорт, өнер және қосымша білім беру бағыттары бойынша бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылады

Мемлекет жыл сайын балалардың шығармашылық үйірмелерге, спорттық секцияларға және қосымша білім беру бағдарламаларына қатысуын қаржыландырып келеді. Алайда жүргізілген тексерістер барысында ...

Түркістанда Шауғар тұрғындарының мәселелері тыңдалды

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы кезекті көшпелі кездесу аясында Шауғар секторының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында қала басшысы 2024 жылы ...