Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек төмендегідей мәлімдеме жасады.
Шымкент қаласында биыл 260 азаматқа 400 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі қайтарымсыз грант беру көзделіп отыр. Бұл сома 1 572 800 теңгені құрайды. Өтінім қабылдау 21 мамыр мен 3 маусым аралығында Enbek.Business.kz порталы арқылы республикалық деңгейде онлайн форматта өтті.
Қазіргі уақытта үміткерлер өз бизнес-жобаларын 9–19 маусым аралығында офлайн түрде комиссия алдында қорғап жатыр. Комиссия құрамында қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Олар жобалардың өміршеңдігіне, үміткердің тәжірибесіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өндірістік әлеуетіне ерекше назар аударып отыр. Айта кетейік, 2024 жылы дәл осы бағдарлама аясында 428 тұрғынның жобасы мақұлданған болатын. Оның ішінде 44 жоба мал және құс шаруашылығына, 100 жоба қызмет көрсету саласына, 56 жоба кондитерлік және наубайхана өнімдеріне, 84 жоба тігін өндірісіне, 31 жоба жартылай фабрикаттар әзірлеуге, 8 жоба жиһаз жасауға, 62 жоба өндірістік салаға және 43 жоба қоғамдық тамақтану бағытында іске асырылған.
Биылғы грантқа әлеуметтік осал топтардан 934 азамат өтінім берген. Комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін ресми әлеуметтік желілерде тікелей эфир ұйымдастырылуда.
Айта кету керек, қайтарымсыз грант қаражатын несие өтеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға немесе акцизделетін өнімдерді — мысалы, алкоголь мен темекі өндіруге — пайдалануға рұқсат етілмейді.