2025 жылғы 22 маусым күні Шымкент қаласындағы А.Пушкин атындағы әмбебап кітапханада «Шымкент – қызғалдақтар қаласы» атты халықаралық суретшілер симпозиумының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Шара аясында көрме ұйымдастырылып, симпозиумға қатысқан суретшілер марапатталды.
Аталған халықаралық шығармашылық жиын 18–22 маусым аралығында Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілді. Симпозиумға Қазақстаннан бөлек, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен келген 16 кәсіби суретші қатысты. Сонымен қатар, симпозиум аясында өнертанушылар мен қылқалам шеберлері бас қосып, кәсіби тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Салтанатты кеш барысында Шымкент қалалық опера және балет театрының солистері концерттік бағдарлама ұсынып, қатысушылар мен қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Көрмеге қойылған туындыларда суретшілер Шымкенттің көрікті жерлері мен табиғатын, заманауи келбеті мен қала рухын бояу арқылы бейнелеп, бірегей туындыларды қала мәдениетіне тарту етті. Бұл шығармалар — қаланың мәдени кеңістігін байытатын өнер үлгілеріне айналмақ.
Симпозиумның басты мақсаты – қаланың сәулеттік бейнесін, өңірдің тарихи ерекшеліктері мен дәстүрлерін сурет өнері арқылы насихаттау, сондай-ақ ұлттық мәдени қорды заманауи туындылармен толықтыру.
Айта кету керек, симпозиум барысында дайындалған көркем туындылар бір ай бойы А.Пушкин атындағы әмбебап кітапхананың көрме залында қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылатын болады.
Шараға арнайы қатысқан Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев симпозиумның қала руханияты мен мәдениетіне қосатын үлесіне тоқталып, барлық қатысушы суретшілерге қала әкімінің атынан алғыс хаттар мен сертификаттар табыс етті.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі