«Салтанат» ансамблі Шымкентте: ұлттық би өнерінің мерекесі

Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифинг барысында «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлеген мырза және ансамбльдің бас балетмейстері Ақмарал Әбдікәрімқызы төмендегідей мәлімдеме жасады.

2025 жылдың 5 маусымында Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР еңбек сіңірген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі гастрольдік сапармен келді. Ауқымды мәдени шара ансамбльдің 70 жылдық мерейтойына арналған және «Би керуені» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Іс-шара аясында күндізгі уақытта хореография саласының мамандарына және жас өнерпаздарға арналған шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Шараның негізгі мақсаты – тәжірибе алмасу, шығармашылық байланысты дамыту және кәсіби білім мен дағдыны арттыру. Мастер-класстар Шымкент қаласындағы “Қызғалдақ сарайы” би залында өтеді.

Шеберлік сабақтарына еліміздің хореография өнерінің белгілі өкілдері қатысады:
• ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР Тұңғыш Президенті Қорының стипендиаты, халықаралық конкурстардың лауреаты Қуанышбек Төлеген;
• Бас балетмейстер, «ҚР Мәдениет саласының үздігі», А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы Ақмарал Әбдікәрімқызы;
• Халықаралық конкурстардың лауреаты, балетмейстер Талғат Ахметов.

Шеберлік сағаттарында «Халық сахналық биі» мен «Қазіргі заманның қазақ биі» тақырыптарында практикалық сабақтар, сондай-ақ «Би ансамбльдерінің концерттік бағдарламаларының құрылымы» жөнінде теориялық дәрістер өтеді. Қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады. Бұл шара – хореограф мамандар мен би мектептері ұстаздарын ортақ кәсіби алаңда тоғыстырып, өңірлік би ұжымдары мен астаналық ансамбльдер арасында шығармашылық көпір қалыптастыруды көздейді.

Кешкі сағат 20:00-де “Қызғалдақ сарайы” би залында «Салтанат» ансамблінің мерекелік концерті өтеді. Көрермендер назарына ансамбльдің ұлттық және этникалық би өнерінің жауһарларын қамтыған бай репертуары ұсынылады. Қазақ халқының би үлгілерімен қатар, орыс, ұйғыр, болгар, татар, кәріс, қытай, өзбек, тәжік, моңғол және басқа ұлттардың биі сахналанып, еліміздегі мәдени сан алуандылықты паш етеді.

Концерттің мақсаты – халық биі арқылы ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды дәріптеу, жастардың өнерге қызығушылығын арттыру, патриоттық сезім мен мәдениетаралық өзара түсіністікті нығайту.

Кештің арнайы қонақтары – ҚР Мәдениет қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері, әнші Өмірқұл Айниязов және ҚР Мәдениет саласының үздігі, күйші Рахат Сарсенов.

Шырайлы Шымкент тұрғындары мен қала қонақтарын бұл ерекше өнер кешіне қатысып, ұлттық би өнерінен рухани әсер алуға шақырамыз.

Іс-шараның өту уақыты мен орны:
• Концерт: 5 маусым, сағат 20:00
• Мекенжай: “Қызғалдақ сарайы” би залы, Шымкент қаласы, Алатау батыр көшесі, 101/1
• Кіру: Тегін

x

Check Also

Мыңдаған жүректің үні: Шымкент Мемлекеттік рәміздер күнін елдік рухпен атап өтті

Шымкент қаласындағы ең биік Ту тұғырында мыңдаған жүрек бір ырғақта соғып, Мемлекеттік гимн әуеледі. Сағат 11:00-де қала аспанын шарлаған осы ...

Ұстаздықпен өрілген өмір

Еңбекті өмірінің мәніне балаған, жас ұрпақтың жүрегіне жарық сәуле себуді мұрат тұтқан жан – №23 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Алдасүгірова ...