Arman-PV: оқулықтан тыс та ұлтқа қызмет ету

Дидара Алинамен сұхбат

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кітаптар мен оларды шығару қызметтері қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылады. Бұл жаңалық білім беру мен баспа саласына қандай өзгеріс әкелмек? Оқулық дайындау үдерісі шын мәнінде қаншалықты күрделі? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға жауап алу үшін біз «Arman-PV» баспасының бас директоры Дидара Алинаға жолықтық.

– Дидара ханым, қосымша құн салығының алып тасталуы – баспа саласы үшін тарихи шешім. Сіз бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыз?

– Бұл – біз үшін үлкен үміт пен үлкен жауапкершілік. Мемлекет тарапынан рухани салаға, әсіресе кітапқа деген көзқарастың өзгеруі. Бұл шешім – бір күнде қабылданған жоқ.

Баспа ісі – өзге бизнес салаларымен салыстырғанда баяу айналымды, өзіндік ерекшелігі бар сала. Бұл шешім сіздердің жұмыстарыңызға қалай әсер етпек?

–Баспа нарығы – жылдам тұтыну емес, ұзақ мерзімді мазмұн өндіретін сала. Бір кітаптың артында айлар мен жылдарға созылатын еңбек, көп салалы шығын жатады. Бұл – авторлық қаламақы, редакция, көркемдік өңдеу, дизайн, баспа және логистика шығындары.

12 пайыздық ҚҚС осы процестің бәрінің үстінен қосылып, кітаптың түпкі бағасын өсіретін. Әсіресе балалар мен оқу әдебиетіне келсек, бұл баға қолжетімділікті күрт төмендететін. Ал енді ҚҚС-тың алып тасталуы – бізге дем беретін шешім. Бұл салаға инвестиция тартуға да оң әсер етеді.

– Оқулық дайындау – сырт көзге қарапайым көрінетін, бірақ іс жүзінде күрделі үдеріс. Сол процесті ашып айтып берсеңіз.

– Бұл – шығармашылық, ғылыми және технологиялық еңбектің түйіскен жері. Оқулық баланың дүниетанымына, тіліне, логикасына тікелей әсер ететін құрал. Сондықтан біз әр оқулықты жазғанда баланың жас ерекшелігі, қабылдау стилі, визуалды талғамы, тілдік ортасы – барлығын ескереміз.

Мысалы, бір сөйлемге қатысты шешім қабылдау үшін апта бойы бірнеше маман кеңесуі мүмкін. Әр материал – тек автор мен редактордың емес, әдіскердің, дизайнердің, сарапшының, заңгердің ортақ жұмысы.

Мысалы, бірнеше жыл бұрын оқулықтарға цифрлық сілтемелерді міндетті түрде енгізу туралы ұсыныс жасалды. Бұл шешім сол уақыт үшін өте өзекті еді – балаларды цифрлық контентпен жұмыс істеуге үйрету керек болды.

Алайда уақыт өте келе кей сілтемелердің мазмұны өзгерді, кейбірі мүлде жұмыс істемей қалды. Бұл – цифрлық ортаның табиғи сипаты. Біз кейін осы сілтемелерді алып тастап, қайта басып шығардық. Бұл –оқушы мен мұғалім алдындағы жауапкершілікпен жасалған шешім.

Былайша айтқанда, оқулық – қоғам мен технологияның дамуына сай мазмұны қайта қаралып, жаңартылып отыратын білім құралы.

– «Arman-PV» соңғы жылдары қандай оқулықтар мен жобаларға басымдық беріп отыр?

– 2025 жылы біз «Цифрлық сауаттылық», «Орыс тілі», «Физика», «Қазақ тілі» пәндері бойынша жаңа буын оқулықтарын әзірледік. Әрқайсысы – мазмұны терең, құрылымы оқушыға жеңіл, мұғалімге ыңғайлы етіп жасалған кешенді жүйе.

Сонымен қатар, біз халықаралық тәжірибені де тиімді пайдаланып келеміз. Мысалы, Лэнс Кингтің авторлық тұжырымдамасына негізделген «XXI ғасыр дағдылары» атты ерекше жобамыз бар. Бұл кітап – баланың сыни ойлау, креативтілік, эмоциялық интеллект сияқты қабілеттерін дамытуға бағытталған. Бұл – тек оқулық емес, тұлғаны қалыптастыру құралы.

– Оқулықтың сапасын кім бағалайды? Сараптамадан өту қалай жүзеге асады?

– Оқулық мектепке жол тартпас бұрын Оқу-ағарту министрлігінің жүйелі, көп сатылы сараптамасынан өтеді. Бұл – мазмұндық, әдістемелік, техникалық және тілдік сүзгіден тұратын кешенді тексеріс.

Сараптама процесін үйлестіретін басты орган – Республикалық білім мазмұнын сараптау орталығы. Аталған орталықтың кәсіби сарапшылары оқулықтың сапасына, құрылымына, әдістемелік негіздемесіне терең талдау жүргізеді. Бұл – білім беру мазмұнының жүйелі түрде жаңартылып, сапалы оқу ресурстарының қалыптасуына негіз болатын маңызды кезең.

Биылдан бастап білім мазмұнын сараптау орталығы оқулық авторларын жаңа оқу бағдарламаларын талқылау процесіне тікелей тартуда. Бұл – авторлар мен сарапшылар арасындағы кері байланысты күшейтіп, оқу материалының мазмұнын жетілдіруге мүмкіндік беретін құптарлық қадам.

Құдайға шүкір, бүгінде бұл жұмысқа төрт тарап – министрлік, ұстаздар, авторлар және баспа өкілдері бірлесе атсалысып отыр. Осындай ынтымақтастықтың арқасында соңғы 23 жылда біздің баспамыздан сапалы оқулықтар жарық көріп келеді.

– Мұғалімдердің пікірлері қаншалықты ескеріледі?

– Біз үшін ең шынайы кері байланыс – ұстаздардың пікірі. Соңғы жылдары ұстаздардан біздің оқулықтарға қатысты өте жылы, кәсіби пікірлер келіп жатыр. Бұл – біздің еңбегіміздің нақты бағасы.

Ең бастысы – соңғы жылдары оқулықты таңдауға мұғалімдердің өзі араласа бастады. Егер бұл таңдау шынайы түрде жүзеге асса – бұл саладағы ең әділетті шешім болады. Өйткені ұстаз – баламен бірге тұрған, күн сайын оны жетелейтін адам. Ол – қай оқулық тиімді екенін терең түсінетін маман.

– «Arman-PV» тек оқулықтармен шектелмей, тарихи-танымдық бағытта да белсенді. Осы жайында айтып берсеңіз.

– Иә, біз үшін кітап – тек білім құралы ғана емес, тарихи жадты, ұлттық сана мен мәдени мұраны жеткізуші құрал. Соңғы жылдары біз тарихи-танымдық мазмұнға көңіл бөліп отырмыз алдық.

Мысалы, журналист Майя Бекбаевамен бірге жасаған «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың билеушісі» және «Қазақстан. Жеңіске қосқан үлесі. 1941–1945» атты еңбектеріміз – соның айғағы. Бұл кітаптар тек деректер жинағы емес, ұлттың жадына арналған рухани ескерткіш.

– Қорытынды ретінде: сіз үшін ең үлкен мотивация не?

– Бала білім алып жатыр ма? Мұғалім риза ма? Кітап өмірге жұмыс істеп тұр ма? Біз үшін ең бастысы – осы сұрақтардың жауабы.

Ұстаздан келген алғыс, оқушының қызығушылығы – бұл тек мақтау емес. Бұл – біздің жұмысымыздың басты өлшемі. Бізді алға жетелейтін күш – осы.

Дереккөз: әлеуметтік желі

x

Check Also

Әскердегі тәртіп – адамға құрметтен басталады

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың айтуынша, әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау – барлық деңгейдегі қолбасшылық жұмысының басым бағыты болуы тиіс. Әскери ...

Спутниктік қабылдау құрылғыларын іске асыру шығындары ішінара субсидияланады

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ұлттық телерадио хабарларын тарату операторын қоспағанда, спутниктік телерадио хабарларын тарату операторларының спутниктік қабылдау құрылғыларын ...