Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында: «Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет»,- деген болатын.
Осыған орай, киелі Түркістанда «Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер» атты халықаралық симпозиум өтті.
Симпозиумға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова және еліміз бен Әзербайжан, Германия, Үндістан, Иран, Италия, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және Жапония елдерінен келген жүзге жуық белгілі ғалымдар қатысты.
Өз кезегінде, Ерлан Қарин Мемлекет басшысының симпозиумға қатысушыларға арналған құттықтау хатын оқып беріп, симпозиумның Ясауи мұраларын терең зерттеуге және насихаттауға зор үлес қосатынын атап өтті.
Ия, расында бұл жиынның маңыздылығы өте ерекше. Көпшілік әсер алған симпозиумда XII ғасырдағы ұлы ойшыл, түркі сопылық мектебінің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи мұрасының түрлі қырлары қамтылған ғылыми баяндамалар жасалып, қызықты пікірлер айтылды. Соның бірі, ұлт әдебиетінің ұлы классигі Абайдың Қожа Ахмет Ясауи ілімін оқығандығы және Абайдың шығармаларындағы көзқарасы, идеялық мазмұны Ясауи ілімімен үндесетіндігі айтылды.
Жалпы, Қожа Ахмет Ясауи ілімі – бірлікке, жеке адам мен қоғамды тұтастыққа, жалпы жаратылыстың гармониясы мен діндер арасындағы төзімділікке бағытталған. Данышпан бабамыздың мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік көзқарастары бүгінгі біз өмір сүріп жатқан қоғамға берері мол. Әсіресе жастарды имандылық пен ізгілікке, адалдық пен тазалыққа, отансүйгіштікке, төзімділікке шақыруда рөлі зор.
Ахмет Ясауи даналығы мың жылдар бойына ұрпақтан-ұрпаққа мұра. Оның «Хикметтер жинағы», «Диуани хикмет», «Пақырнама және тағы да басқа еңбектерінің жүздеген елдің тілдеріне аударылуы — оның маңыздылығын көрсетеді.
Сондықтан, Ясауи жолын, оның ислам мәдениеті мен өркениетіне қосқан үлесін тануда осындай халықаралық шаралардың өткізілуі өте құптарлық іс.
Өйткені, Ясауи мұрасының ой толғамдарында көрсетілген адамдардың ғылым мен білімді меңгеруі, қоғам болып дамуы туралы өсиеті осы заманның ырғағына орамдас жазылғандай.
Ғұлама Ясауидің нақыл сөздерін оқып қараған әрбір оқырман бұл еңбектердің ешқашан мағынасын жоғалтпайтын, әлі талай ғасыр адамзаттың рухани қазынасы болатын дүние екендігіне көз жеткізеді деп ойлаймын.
Н.Әбішов,
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы