Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетті. 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Қазығұрт және Сайрам аудандарында тұратын ардагерлердің үйіне арнайы барды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізіп, 80 жылдық мерейтойға орай арнайы медальдарды табыстады. Игілікті бастамаға аудан әкімдері Азизхан Исмаилов пен Арман Сәбитов, әскери комиссариат өкілдері, оқушылар үлес қосты.
Бейсенбай Дәулетұлы әуелі 102 жастағы қазығұрттық Әкімбай Жұмабаевпен жүздесті. Ақпарақ ауылында өмір сүріп жатқан ақсақал 1942 жылы 122 атқыштар полкінің құрамында Сталинградты азат етуге қатысып, батырлығымен танылған. Соғыста көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған. Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы». Соғыс аяқталған соң Тұрбат ауылына келіп, Өндіріс колхозында бригадир болып жұмыс істеген. Бүгінде 6 ұл-қызынан 21 немере, 60 шөбере, 2 шөпшек тәрбиелеп отыр.
Облыс әкімінің орынбасары мұнан соң 98 жастағы Анарбай Мырзахметовтің шаңырағында болды. 10 ұл-қызынан 48 немере, 92 шөбере, 3 шөпшек тараған. Қарабау ауылының тұрғыны 1944 жылы Семей қаласында бір айлық дайындық курсына қатысқан. Польшаның Варшава қаласына барып 1-ші Белорусь фронтына аттанған. Майданнан оралып, Ресейдің Иванов қаласында В.Д.В әскери борышын өтеген. 1950 елге келді. Ардагер «Берлинді алғаны үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен мараппатталған.
Б.Тәжібаевтың сапары Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында жалғасты. 99 жастағы қария Ахмеджан Анартаевқа ілтипат көрсетті. Германиядағы зұлмат кезеңдер жайлы сұхбаттасты. Ата 4 ұл, 5 қыз өсіріп, 45 немере, 87 шөбере мен 13 шөпшекке үлгі болып отыр.
Майдан куәгерлерімен кездескен азаматтар ҰОС ардагерлерінің жағдайы мен денсаулықтары жақсы екенін жеткізді. Мемлекет тарапынан тек мерекелерде ғана емес, әр кез түрлі қолдаулар тұрақты түрде жасалып келеді.
Түркістан облысында Жеңістің 80 жылдығына орай ҰОС ардагерлеріне 5 млн теңге көлемінде біржолғы қаржы берілді. Тыл еңбеккерлері және жеңіске үлес қосқан басқа санаттардағы азаматтарға 50-100 мың теңге аралығында көмек көрсетілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі