Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, құқық қорғау және төтенше жағдайлар органдарының өкілдері қатысып, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен ветеринариялық қызмет басшылары қала аумағындағы санитариялық-эпидемиологиялық ахуал мен оны шешу жолдары, сондай-ақ ветеринариялық жұмыстар мен алдағы жоспарларын баяндады.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шарифа Омарәліқызының баяндауынша, жыл басынан бері тұрғындар тарапынан 75 арыз-шағым түссе, оның 20-сы сауда және қоғамдық тамақтану орындарына қатысты. Арыздардың басым бөлігі санитариялық талаптардың сақталмауына, өнім сапасының төмендігіне, тасымалдау және сақтау ережелерінің бұзылуына және гигиеналық жағдайдың нашарлығына қатысты болған.
Қала әкімі аталған кемшіліктерді саралай келе, кәсіпкерлік және санитариялық қызметтер арасындағы өзара іс-қимылдың әлсіздігін атап өтті. «Тәуекел аймағына» жататын нысандардың тізімін жасап, оларды жүйелі түрде бақылауға алуды, сондай-ақ, санитариялық талаптарды сақтамай отырған қоғамдық тамақтану орындарына қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар, қала аумағында бірнеше кене шағу жағдайы тіркеліп, эпидемиологиялық маңызы бар 227 нысанның 204-і санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істейтіні анықталған. Қала әкімі бұл мәліметтерді қоғамдық қауіпсіздікке төнетін нақты қатер деп бағалап, жауапты бөлімдерге тиісті тапсырмалар жүктеді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық ветеринариялық бөлім басшысы Сәбит Есіркепұлы ауыл шаруашылығы жануарларына аса қауіпті ауруларға қарсы жоспарланған 57 130 доза вакцинаның 27 068 дозасы жеткізіліп, оның 16 198 дозасы енгізілгенін, сондай-ақ, қаңғыбас жануарларды аулау бойынша жасалып жатқан шаралар жайын баяндады.
Әзімбек Пазылбекұлы мәжіліс соңында барлық сала басшыларына тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы өмір сүруі үшін қажетті барлық талаптарды орындап, тиісті шара көруді тапсырды.
Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі