Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай бүгін Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында Жұмекен Нәжімеденовтың «Хат тасушы» қойылымы сахналанды.
Қойылымда соғыс жылдарындағы майдан хаттарын жеткізуші Темірхаттың күрделі тағдыры суреттелді. Алғашында жеңіл көрінген бұл жұмыс уақыт өте келе Темірхатқа ауыр жүкке айналып, майданнан келген сәлемдемелердің орнын қаралы қағаздар алмастырды. Ауыл балаларының оны «қара хабаршы» деп атауы Темірхаттың жанын одан әрі жаралады.
Қойылым шарықтау шегіне Темірхаттың өз ағасы Әбілхаттың қазасы жайлы хабарды ести тұра, оны ата-анасына жеткізе алмай, өзенге батып кетуімен жетті. Бұл трагедиялық сәт Жұмекен Нәжімеденовтің сөздері мен кейіпкердің ішкі арпалысы арқылы көрерменге терең әсер қалдырды.
Қойылымның инсценировкасын жасаған – Бақытгүл Бабаш. Басты рөлдерді театрдың тәжірибелі әртістері сомдады. Қойылымды театрдың «Тарлан» музыкалық-аспапты ансамблі музыкалық тұрғыда әрлеп, мазмұнын аша түсті. Қоюшы суретші – Қанат Шериев, жарық суретшісі – Жанболат Рсимбетов, хореограф – Жангүл Ерсұлтанова болды.
Айта кетейік, премьера 8 мамыр күні де сағат 19:00-де өтеді. Билеттер тикетон сайтында және театр кассасында сатылуда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі