ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бастамасы аясында қос дипломдық білім беру бағдарламалары белсенді түрде дамып келеді. Қозыбаев университеті мен Аризона университеті (АҚШ) арасындағы серіктестік – осындай ынтымақтастықтың жарқын дәлелі.
Қос диплом бағдарламасына оқуға түскен студенттердің бірі – Екатеринбург қаласынан келген Егор Рохин. Бүгінде ол IT бағытын таңдап, ақылы негізде оқып жатыр. Бағдарлама АҚШ-қа бармай-ақ америкалық білім алуға мүмкіндік берді.
Егор өз сөзінде АҚШ білім беру стандарттары бойынша Қазақстанда оқу мүмкіндігі оның университет таңдаудағы маңызды факторларының бірі болғанын айтты:
«Мен Петропавлға Екатеринбург қаласынан келдім. Осы бір жыл ішінде мен көптеген қызықты адамдармен таныстым – группаластарыммен, оқытушылармен, тіпті Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрімен де жеке танысу мүмкіндігіне ие болдым. Қазақстанда әлемдік деңгейдегі сапалы білім алуға мүмкіндіктің болғаны керемет, әрі бұл мүмкіндік тек қазақстандықтарға ғана емес, шетелдік студенттерге де қолжетімді».
Сондай-ақ ол оқу ағылшын тілінде жүргізілетінін, оқу бағдарламалары жаһандық IT нарығының талаптарына сай екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл диплом халықаралық деңгейде мойындалып, болашақ мансабы үшін үлкен мүмкіндіктер ашады.
Айта кетейік, Қозыбаев университетінде Аризона университетімен серіктестік негізінде IT, биотехнология, инклюзивті білім беру бағдарламасы бар, жақында медицина мен бизнес саласы бойынша бағдарлама ашу жоспарланған.
Артықшылығы неде?
4 жыл ішінде Қозыбаев университеті және Аризона университетінің дипломы
4-курс АҚШ-та оқу (Тусон.қ)
Барлық дәрістер мен емтихандар ағылшын тілінде
Қазақстандық үміткерлер үшін:
✔ ҰБТ мен ағылшын тілінен емтиханды сәтті тапсырып, грант алу мүмкіндігі.
Шетел азаматтары үшін:
✔ Ақылы негізде оқыту және икемді жеңілдіктер жүйесі;
✔ Ағылшын тілінен тестілеу мен сұхбат нәтижелері бойынша қабылдау.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі