Шымкент қаласында жаз мезгілінің келуімен бірге көпшілік асыға күтетін ерекше кезең — субұрқақтар маусымы басталды. Бұл — қала келбетіне сән беріп қана қоймай, тұрғындарға жайлы атмосфера сыйлайтын дәстүрлі әрі маңызды шара. Шаһарда жаңа субұрқақтар салу жобасы да қарқынды жүзеге асырылуда.
Қала әкімі шаһарды аралау барысында осы жобаның орындалуын тексерді. Бүгінде жоспарланған 40 нысанның 17-де құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бір субұрқақ пайдалануға беріліп, қала тұрғындары мен қонақтарының демалуына қолайлы жағдай жасалған.
Сонымен қатар, жаңа субұрқақтар саябақтарда, скверлер мен демалыс аймақтарында орнатылады. Құрылыс барысын бақылау мақсатында қала басшысы Тәуке хан даңғылындағы «Алатау» саябағында, «Астана», «Нұрсат», «Тұран» шағынауданында, сондай-ақ Арғынбеков, Шалқаркөл, Шыршықбай, Қазыбек би, Диваев көшелерінде және Темірлан тас жолы бойында орналасқан нысандарға барды.
Жауапты сала өкілдеріне жұмыстың сапасына бақылауды күшейтуді, мердігер мекемелердің қызметін жүйелі түрде қадағалауды және құрылыс мерзімінің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұдан бөлек, еліміздегі ең ірі жылыжай кешендерінің бірі — «Alsera KZ» ЖШС нысанындағы құрылыс барысын тексерді. Жоба екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезең аясында 208 гектардың 40 гектарында құрылыс жұмыстары толық аяқталған.
Бүгінде құрылыс конструкцияларының монтажы аяқталып, жұмысшылар жабдықтарды орнатуға кіріскен. Қазіргі таңда нысанда шамамен 400 адам екі ауысымда еңбек етуде.
Инвестормен кездесу барысында «Мәртөбе» тұрғын алабындағы жалпы аумағы 441 гектарды қамтитын екінші кезеңнің құрылысын бастау мәселесі, сондай-ақ қосымша жер телімдерін бөлу мен қажетті инфрақұрылым қуатын арттыру туралы талқылады. Бірінші кезең іске қосылғаннан кейін 1750 жаңа жұмыс орны ашылып, кешеннің жылдық өндірістік қуаты 51 мың тонна өнімді құрайды деп жоспарлануда.
Аралау соңында қала басшысы Қошқар-ата өзенінің жағалауындағы санитарлық жағдаймен танысты. Аудан әкімдігі мен жайлы ортаны дамыту басқармасына жағалау аумағында қоқыс тазалау жұмыстарын күшейтуді, қосымша қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнатуды, тұрмыстық қалдықтарды тұрақты шығарып отыруды және аумақтың тазалығын қамтамасыз етуді тапсырды.